Жаңалықтар

Заманауи зертханалар әлемдік маман қалыптастырады

23.08.2010

23 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінде заманауи үлгідегі 15 шақты оқу зертханасының тұсауы кесілді.

2010 жылы «ҚазҰУ-дың Үздік факультеті» байқауында жеңімпаз атанған химия факультеті 2010-2011 оқу жылын да толағай жетістікпен бастады.

Аталмыш факультет мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға қабылдаған 405 білімгердің 36-сы «Алтын белгі» иегері. Сонымен қатар факультет кейбір мамандықтар бойынша жалпы мемлекеттік тапсырыстың 50 пайызын иеленді.

Былтыр ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев химия факультетінің жаңа оқу ғимаратының тұсауын кескен болатын. Ал бұл жылғы жаңа оқу үдерісінде химия факультеті соңғы үлгіде жабдықталған заманауи 20 шақты ғылыми-оқу зертхананың ашылуына куә болды.

Осы орайда университет ректоры, академик Бақытжан Тұрсынұлы:

- «Химиялық зерттеулер үшін қолайлы болып табылатын жаңа құралдармен жабдықталған бұл факультет жаңа мыңжылдықта бәсекеге қабілетті маман-кадрлар дайындап шығатынына сенімдіміз. Заманауи үлгідегі зертханалар мен аудиториялар Интеллектуалды ұлтты дайындауға да өз үлесін қосады деп ойлаймын. Біздің еліміздің әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін біз мықты мамандар дайындауымыз керек. Ендеше бүгін химия факультетінде ашылып отырған зертханалар химия саласының мықты ғалымдары мен мамандарын дайындауға себеп болады», деген пікірін ортаға салды.

Тұсаукесерде қонақтарға жетекші ғылыми кафедралардың жетістіктері мен химия саласындағы ғалымдардың үздік ғылыми көрсеткіштері баяндалады. Сонымен қатар шара барысында факультет өмірінің тыныс-тіршілігін айқындайтын көрме ұсынылаы. Мұнда оқу-әдістемелік жұмыстар, ғылыми жұмыстар, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары, халықаралық әріптестік пен студенттік өмір баяндалған.

Келген қонақтар бес қабатты жаңа оқу ғимаратындағы жаңа тыныс үздік факультетте дәріс алатын студенттердің белсенділігін арттырып, жоғары көңіл күй сыйлағанын байқап тарасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі