Жаңалықтар

Конституция – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі

25.08.2010

24 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы, мемлекет пен құқықтың теориясы және тарихы кафедралары бірлесе отырып «Қазақстан Республикасының Конституциясына 15 жыл: теория мен тәжірибенің мәселелері» атты тақырыпта алқалы жиын өткізді. Алқалы отырысты ҚазҰУ-дың Даму және құқықтық мәселелері жөніндегі проректоры Ыбырайым Нұрлан Мұхтарбекұлы басқарды. Жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми академиясының академигі, з.ғ.д.., профессор С.С.Сартаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми академиясының академигі, з.ғ.д.., профессор С.Н.Сабикенов бастаған отандық жетекші заңгерлер мен саясаткерлер ата заң төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті.

“Қазақстан Республикасы конституциясының 15 жылдығы үлкен тарихи оқиға. Ата заңымыз қабылданғаннан бері біздің ел дамушы әлемдік елдердің қатарынан орын алды. “Кто есть кто?” деген әлемдік анықтамалыққа енді. Қайта құру кезеңінің өзінде қантөгіс, ұрыс, дау жан-жалдар біздің елімізді айналып өтті. Он бес жыл ішінде көп игі істер жасалды. Қазақстан әлемге ынтымағы жарасқан, бейбіт ел ретінде үлгі бола білді. Бұл жетістіктер, әрине, Елбасының сындарлы саясатымен тікелей байланысты. Осы орайда, әлемдік көшбасшылықтың алдыңғы қатарында тұрған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа біздің елімізбен қатар шетелде ескерткіштердің тұрғызылуы орынды деп санаймын”, - дейді заңгер ғалым Сұлтан Сартаев.

Қазақстандық заң саласының ғалымдары мен саясаткерлері бас қосқан бұл шарада “Конституция Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің кепілі” деп танылып, ата заңды қолданудың тетіктерін жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Соңында дөңгелек үстел қортындыланып, баяндамашылар тарапынан айтылған ұсыныстар қабылданды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727)377 35 20