2010 жылдың 1 қыркүйегі. Еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биылғы оқу жылы көшбасшылық дәрістерімен басталады. Оқу жылын мемелекетте және шет елде кәсіби шеберлігімен танылған тұлғалардың дәріс оқуы жылдан-жылға дәстүрге айналып барады.
Бас дәрісті ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов Студенттер сарайында 2 мың тыңдарманға оқитын болады. Дәріске 750-ден астам «Алтын белгі» иегерлері, 150-ден астам халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, 1000-ға жуық мемлекеттік гранттардың иегерлері, 90 ректорлық гранттардың иегерлері, сондай-ақ, университеттің үздік оқытушылары мен студенттері қатысады.
Факультеттерде өтетін дәрістерді ғылым, мәдениет, қазақстандық және халықаралық бизнес қоғамдастықтарының атақты өкілдері жүргізетін болады. Соның ішінде академиктер Салық Зиманов, Өмірзақ Айтбаев, Карл Байпақов, шығыстанушы ғалым, мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ҚР СІМ-нің арнайы тапсырмалар бойынша елшісі Вячеслав Гизатов, “ҚазАтомпром” ҰАК президенті Владимир Школьник, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан Халық банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев, «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов және әр түрлі саланың беделді көшбасшылары қатысады.
Көшбасшылық дәрістер білім қоры, басқару қызметі және белгілі бір кәсіби салаларды қамтиды. Атақты тұлғалар студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, болашақта көшбасшы болуға көмектесетін арнайы ұсыныстары мен көшбасшының бойында болатын қасиеттерді дамытуға атсалысатын ақыл-кеңестерін беретін болады.
Дәрістің басталуы: 1 қыркүйек, сағ. 11.30. Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайы.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі