- Негізгі бет
- Жаңалықтар
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде ҚР Конституциясының 15 жылдық мерейтойына арналған «Ата заң және бүгінгі Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті
31.08.2010әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде ҚР Конституциясының 15 жылдық мерейтойына арналған «Ата заң және бүгінгі Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті. Философия және саясаттану факультетінің деканы ф.ғ.д., профессор Ақтолқын Құлсариева алғы сөз алып, қатысушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.
1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа негізгі Ата Заңы бойынша, азаматтардың өз құқықтарын жүзеге асыру үшін және қоғамды әрі қарай демократияландыруға жаңа сапалы құқықтық кеңістік қалыптасты. Бүгінде 15 жылды еңсеріп отырған ата заң еліміздің өркендеуі мен қауіпсіздігінің артуына кепіл болып отыр.
Осы орайда саясаттану кафедрасының меңгерушісі с.ғ.д., профессор Ләйлә Мұрзалықызы: “ҚР егемендік жариялаған жылдардан бастап өзінің ресми саяси бағыты ретінде демократия мен құқықтық мемлекет және нарықтық экономика құруға бағытталған қоғамдық және мемлекеттік қатынастарды реформалауды таңдады. Осы уақыттан бастап елде кеңестік саяси жүйеден жаңа мемлекеттілікке өту бағыттары анықталды. Оның негізі ретінде демократиялық қағидалар басшылыққа алынды. Қазіргі таңда отандық сарапшылар «Қазақстандық феномен» туралы айтуда. Оның мәні қазақстандық саяси даму үлгісі, ал мазмұны Қазақстанның саяси тарихи факторлары. Олар елдің тұтастығының кепілі мен саяси реформалардың сәттілігі болып табылатын мемлекеттің унитарлық сипаты; халықшаруашылық кешенінің әлеуметтік-экономикалық модернизациясы және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы; саяси тұрақтылық және этникааралық келісім; ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы мәселелеріне объективті және уақытылы жауап беру; көпвекторлы сыртқы саясат және Қазақстанның жаңа геосаяси шынайылығы мен халықаралық аренада дербес субъект ретінде құрылуы” – , деген пікір айтты.
Ал профессор Зухра Исмағамбетова “Конституция және оның мәдени-философиялық мәні” деген баяндамасында экономикалық еркіндік, идеологиялық және саяси плюрализм, барлығының заң алдында теңдігі Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдығы болып табылады десе, философия кафедрасының профессоры Алия Қарабаева конституциялы Қазақстанның дамуы туралы пікір білдірді. Алқалы жиын барысында университеттің Ж.Ж. Молдабеков, А.С.Балапанова, Н.У.Шеденова, Н.А.Саитова, А.Б.Айтпаева және А.К. Мынбаева Б.Н.Кылышбаева т.б. бірнеше белгілі ғалымдары мен үздік оқытушылары конституциялық құрылыс негізінде ҚР ішкі және сыртқы саясатының, ҚР көпвекторлы сыртқы саясатының аясында халықаралық қатынас жүйесіндегі Қазақстанның геосаяси басымдықтарының, ҚР азаматтарының негізгі міндеттері, құқықтары, кепілдіктері және еркіндіктеріндегі өзекті мәселелерді талқылады.