- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Көкпар – ұлттық құндылық!
22.10.2018Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар Көкпар Лигасы» мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен ұлттық спортымызды дамыту мақсатында «JKL PROFI 3x3» форматында кәсіби көкпар командалары арасында тартысты көкпар ойыны өтті.
Аталмыш тартысты ойынды тамашалауға ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов, Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир мырза мен түрік делегациясы, және де "Жастар Көкпар Лига" кеңесінің президенті Данияр Дәукей, сонымен қатар кезінде көкпардың қайта жаңғыруына өз үлесін қосқан арда азаматтардың бірі Серікбек Дәукей мен ұлттық спортымыздың жанашырлары жиналды.
Биылғы көкпардың артықшылығы мұнда тек қана студенттерден құралған командалар емес, сонымен қатар кәсіби көкпар командалары да қатысты. Тартысты доданы салтанатты түрде ашып берге ҚазҰУ ректоры ұлттық спортымызды қолдауға келген көпшілік қауымға өз алғысын білдірді. «Осынау ұлан-ғайыр кең даланы ата-бабаларымыз білектің күшімен найзаның ұшымен сақтап қалғаны баршамызға ақиқат. Сайын даланы жаудан аман сақтау үшін жауынгер де астындағы тұлпар да бабында болып, жігерлі болуы үшін осы көкпар ойынын өткізіп тұрған. Сондықтан да мұнда тек ғана ойын емес үлкен мән-мағына, ұрпаққа деген тәлім-тәрбие жатыр. Көкпар ол біздің рухани құндылығымыз, осы орайда ұлттық спортымыздың жанашырына айналған, жастарға қолдау көрсетіп келе жатқан Данияр Дәукей мырзаға айтар алғысымыз шексіз. Ұлттық құндылық ол ұлттың мызғымас байлығы, ендеше осынау асыл мұрамызды сіз бен біз болып жаңғыртуға атсалысайық», – деді Ғ. Мұтанов.
Түркі дүниесі Журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир мырза өз кезегінде Қазақстанда ұлттық спорттың қарыштап дамып келе жатқандығына өз ризашылығын білдірді. «Мен сіздердің оқу орындарыңызды аралау барысында қаншалықты халықаралық деңгейде дамып келе жатқандығына куә болдым. ҚазҰУ әлемнің 250 үздік университетінің қатарына еніп, әлем алдындағы беделі қарыштап дамып келеді. Білім мен ғылымды дамытумен қатар өз дәстүрлеріңізге де қаншалықты берік екендеріңізге бүгінгі көкпар ойыны дәлел. Көкпар бұл түркітілдес елдерге ортақ ұлттық ойын, өкінішке орай арамыздан жыл санап ұмыт болып барады. Осы орайда мен қазақ жастарының осы ұлттық спортқа деген ерекше махаббаттарын көріп, өзімізге үлгі ретінде алып отырмын. Алдағы уақыта көкпар ойынын Түркияда, Европада, тіпті бүкіл әлемге жарнамалап, қайта жаңғырту жолында белсене жұмыс атқаруға дайын екенімізді жеткізгім келеді», – деді Мендерес Демир.
Жалпы «JKL PROFI 3x3» форматы Көкпарды қалалық жерлерде дамытуға өте оңтайлы формат болып саналады. Яғни бұл форматта ойын өткізу алаң аумағының кіші және көкпаршылар санының аздығын кедергі санамайды, бұл формат елімізде кең таралуда.
Тартысты додада ҚазҰУ құрама командасы бар күштерін салып, көрермен қауымға ерекше аламан ойын көрсете білді. Команда құрамында өнер көрсеткен Абылайхан Қожамбердиев, Мади Шойбек, Бердіғали Жакешев, Айболат Бердімұрат университет намысын қолдан бермей жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Тартысты ойында ақтық мəреге жетіп жеңісті "Алмалы" көкпар құрама командасы олжалады. Ал 2-орынды əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері еншілесе, 3-орын Қазақ спорт туризм академиясы мен "Астана" құрама командасына бұйырды. Аламан бәйгеде көкпаршылар көрерменің көңілінен шығып, көпшілік қауымның ризашылығына бөленді.
Баспасөз қызметі
www.kaznu.kz