- Негізгі бет
- Жаңалықтар
DFG өкілдігі келді
23.10.2018Қазақ ұлттық университеті мен DFG неміс ғылыми-зерттеу қоғамдастығы ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді. Мұндай алдын-ала келісім ҚазҰУ басшылығының неміс ғылыми-зерттеу қоғамдастығының делегация құрамын бастап келген өкілдіктің басшысы Вильма Ретхагпен кездесу барысында айтылды.
Делегация құрамында DFG «Халықаралық ынтымақтастық» бөлімінің референті Мехтхильд Келер, РФ, ТМД-ғы өкілдіктердің жобалық үйлестірушісі Мария Канадцевалар болды. Кездесу аясында тараптар бірлесе жасайтын жұмыстардың өзекті мәселелері мен міндеттерін және келешегін талқыға салды.
«Аталған бастама ҚазҰУ мен неміс ғылыми-зерттеу қоғамдастығы арасында тығыз ынтымақтастықты орнататын алтын көпір бола алатын маңызды қадам. Бірлесе өткізетін байқаулар мен бірлесе жасайтын ғылыми жобалар екі елдің іргелі, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын дамытуға ықпал ететініне мен сенемін», – деді келіссөздер барысында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов.
Өз кезегінде DFG өкілдігінің басшысы Вильма Ретхаг қоғамдастықтың қызметі туралы айтып, өздерінің жұмысының негізгі қағидасы олардың ұйымдары қамтамасыз ете алатын зерттеулерге негізделген сапа кепілдігін қолдау болып табылатынын атап өтті. Яғни, әрбір жобаны неміс ұйымының сарапшылары тарапынан сарапқа салынып талданады. Бұл өз кезегінде маңызды және құнды ақпарат болып табылады және грантқа үміткер ретінде ғылыми жұмыс сапасына кепілдік беріледі. Неміс ғылыми-зерттеу қоғамдастығы (DFG) 1920 жылы құрылып, зерттеудің барлық ғылым салаларын байқау негізінде қаржыландырады. Бүгінгі таңда DFG-ның Ресей, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Үндістан, Қытай Халық Республикасында жеті жеке өкілдігі бар. Германия елінің жетпіс университеті, ірі ғылыми мекемелер, ғылым академиясы және ғылыми одақ қоғамдастықтың мүшелері болып табылады. DFG қоры байқау негізінде ғылыми жобаларды, теориялық және қолданбалы зерттеулерді қаржыландырады.
Кездесуде аталып өткендей соңғы алты жылда қазақстандық ғалымдардың DFG-ға ұсынған жобалары өте аз болды. Бүгінде бұл ұйым ҚазҰУ-мен тығыз ынтымақтастыққа қызығушылық таныта отырып, ҚазҰУ ғалымдарының жоғары сапалы ғылыми жобаларын қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Басқосу соңында қонақтар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, жаңа химиялық технологиялар және материалдар ғылыми-зерттеу институтында болып қайтты.
Баспасөз қызметі
www.kaznu.kz