- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Associated Press ақпараттық агенттігінің тілшісі ҚазҰУ-ға келді
22.10.2018Журналистика факультетінде The Associated Press ақпараттық агенттігінің тілшісі, белгілі жазушы Жессе Холандпен кездесу өтті. Белгілі журналиспен кездесуді журналистика факультеті ұйымдастырды.
Кездесу барысында халықаралық этика тақырыбы басты назарға алынып, студенттер өз сауалдарына нақты əрі ұтымды жауап алды. Жессе Холанд өз сөзінде: «Бүгінде журналистикадағы демократиялық бағыт пен гуманистік позиция баршаға ортақ. АҚШ немесе Еуропа, Азия мен Парсы шығанағы елдері үшін де солай. Журналист эрқашан өз пікірі мен дерегіне қайшы келетін жағдайлардан аулақ болуы қажет. Əлбетте, АҚШ-та құқықбұзушылық орын алып, тілшілер қиындыққа ұшырап жатады. Яғни бұл журналистикада əр сөздің тексеруден өту керектігін, əрі этикалық нормаларға баса назар беру қажеттігін білдіреді. Журналистиканың қай саласы болмасын маңызды жəне қауіпке толы. Соған қарамастан, Америкада журналистика факультетін таңдаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Демек, біздер үшін ең басты ереже – қасақана жазу мен жеке басты дəріптеуден аулақ болу» – дейді.
АҚШ журналистерінің тәжірибесіне сай, журналистік этика мен жазу әдісінің мәні – құрғақ дерек арқылы емес авторлық бағалау арқылы жетістікке жету. Байқап отырғанымыздай, бұл АҚШ журналистикасына тəн жаңашылдық. БАҚ саласында журналистік этиканың маңызы зор. Этика журналистік қызметтің əр саласында көрініс тауып отырады. Мəселен, БАҚ пен аудитория арасындағы байланыста журналистің информация көздерін пайдалануы, объективті хабар таратуы, тіпті болмаса респондентпен диалог барысында өз-өзін көрсете білуі. Мұндай жағдайда журналистік зерттеуді де назарға алғанымыз жөн. Америка тəжірибесінде зерттеуді бастау үшін жақсы дерек қорының сақталуы маңызды. Журналистік зерттеу көп ретте әлеуметтік тұрақсыздық пен түрлі революциялар кезеңінде дамиды. Репортер құнды деректерді реттегенде, мақалада автордың көзқарасы, жеке бағасы пайда болады. Ал бұл оқырманның қабылдауына зор ықпал етеді. Сол себепті сынау теориясын меңгере отырып, этикаға баса мəн беру керек. Осындай жағдайда ғана туынды авторы өз пікірінің объективтілігін дәлелдей алады. Келелі кездесуден түйгеніміздей, отандық БАҚ заманауи озық техника мен технологияның өркендеуінен шет қалмауы шарт. Сондай-ақ шетелдік үлгінің жақсысын меңгеру арқылы журналистиканың мән-маңызын арттыра аламыз. Кездесу соңында Жессе Холандқа журналистика факультетінің атынан тарту-таралғы табысталып, жас тілшілер мен студенттерге журналистің «The Black Panther: Who Is The Black Panther?», «Star Wars: The Force Awakens – Story» сынды авторлық еңбектері өз қолтаңбасымен сыйға берілді.
Журналистика факультеті
www.kaznu.kz