Жаңалықтар

«POSCO» иегерлері анықталды

26.10.2018

ҚазҰУ-дың үздік студенттеріне Оңтүстік Кореялық «POSCO» қорының арнайы шәкіртақысы табысталды.

2006 жылы қор Азия мемлекеттерінің үздік студенттеріне шәкіртақы табыстайтын жаңа бағдарламаны іске қосқан болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қормен серіктестік туралы меморандумға қол қойған алғашқы Азиялық университеттердің бірі. Оңтүстік Кореялық «POSCO» компаниясы – әлем бойынша ең ірі Оңтүстік Кореядағы металлургиялық және болат құятын концерн болып есептеледі. Қор ғылым, мәдениет пен білімді қолдау үшін түрлі бағдарламаларды қаржыландырады.

«POSCO» қорының вице-президенті Нан Ян Сан «Қор өз кезегінде Қазақстанның жетекші оқу ордаларымен жемісті еңбек етіп келеді. Солардың бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен біздің әріптестігіміз жылдан-жылға жанданып жаңа сатыға көтерілді. Корея Республикасының ірі компаниялары жаңа кадрлерді жұмысқа тартуда баса мән береді. Сондықтан да қор жұмысы бүгінде жас мамандардың біліктілігін арттыруға бағыттаған», - деді вице-президент.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «ҚазҰУ бүгінде Корея Республикасының жетекші университеттерімен академиялық ұтқырлық, студент алмасу, тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша әріптестік орнатқан. Жыл сайын университетке Оңтүстік Кореяның оқытушы-профессорлар құрамы келіп дәріс оқып, тәжірибе алмасады. Бұл қос мемлекеттің оқу білім, ғылым салалары бойынша бір-бірімен тығыз қарым-қатынасының айғағы. Солардың бірі Оңтүстік Кореялық «POSCO» қорының студенттерімізді қолдауы Корея Республикасымен ынтымақтастығымыздың мызғымас бір бөлшегі», - дейді проректор.

Биылғы жылы Қор шәкіртақысына ҚазҰУ-дың шығыстану, журналистика, халықаралық қатынастар, экономика және бизнес жоғары мектебі мен заң факультетінің студенттері және магистранттары ие болды. Шара соңында шәкіртақы иегерлері қор өкілдігіне ҚазҰУ студенттерінің атынан шексіз алғыстарын білдірді.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz