Жаңалықтар

Biblioteca Apostolica Vaticana көне жазбалары

24.10.2018

Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры Қалқаман Жұмағұлов бастаған топ жақында  «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» атты мемлекеттік бағдарлама бойынша ғылыми іс-сапардан оралды.

Профессор La Sapienza Universita di Roma университеті мен Biblioteca Apostolica Vaticana орталықтарында түркі әлемі мен Қазақстанның және Орталық Азияның ерте және орта ғасырлар тарихына байланысты жаңа әрі тың мәліметтерді тауып қайтты. Ол жақтағы деректердің басым бөлігі латын тілінде жазылған. Аталмыш деректердің қатарында саяхатшылар мен миссионерлердің баяндамалары, жазбалары олардың өзара жазысқан хаттары, шежірелері және басқа да сирек кездесетін нарративті деректер бар.

Онда Ғұн империясы мен Алтын Орда тарихы, Түркі қағанаттары, Дешті-Қыпшақ және Ұлы Жібек жолындағы Шығыс пен Батыстың интеграциясы туралы құнды мәліметтер қамтылған. Бұл мәліметтерді профессор Vaticani Latini қолжазбалар залындағы манускриптілерден және Ватиканның кітап қорлары мен сирек кездесетін қорларынан жинақтаған.

Қалқаман Жұмағұлов Ла-Сапиенза университетінің тарих, мәдениет және дін бойынша департаментінің өкілдерімен кездесу барысында қос университет арасындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап өту керек, 2015 жылы ҚазҰУ мен La Sapienza Universita di Roma арасында қос диплом бағдарламасы бойынша магистранттар мен студенттерді дайындау бойынша меморандумға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде Ла-Сапиенза университетінің төрт магистранты Джессика Вентурини, Матео Фрайоли, Мастророко Адриано, Фарисси Сахим қазіргі таңда ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде білім алып жатқандығын атап өтті.

Өз кезегінде департамент директоры Эмануэль Принцивал мен Фабио Грасси қос диплом жобасы бойынша оқып жатқан Меруерт Сейілбекованың дайындығын ерекше атады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ақжан Дүйсенқұл, Жайық Чальтен, Арайлым Қабидолла сынды ҚазҰУ-дың басқа да студенттері білім алып жатқандығын айтты. Осы орайда профессор Қалқаман Жұмағұлов пен Фабио Грассидың ҚазҰУ-дағы PhD докторларды дайындау бойынша бірлесе жасаған жұмыстары және де екі университет өкілдерінің Алматы мен Римдегі халықаралық конференцияларға қатысуы қос ЖОО-ның ынтымақтастығын дамыта түсті.

Сапар барысында профессор Италияда ҚР елшілігінің қабылдауына болды. Қазақстанның Италия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі С. Нуртаев екі мемлекеттің білім мен ғылым саласының дамуына қосқан үлесі үшін профессорға сәттілік тіледі. Бұл туралы Италияның Agenzia Nova және Agir Agenzia Giornalistica Repubblica деп аталатын ақпараттық агенттіктері «Italia-Kazakhstan: nuove forme di cooperazione nei settori scientific e dell’ istruzione» «Kalkaman Zhumagulov, un professore kazako nella Biblioteca Apostolica Vaticana» атты тақырыпта материал жариялады.

https://www.agenzianova.com/a/5bbc7017ae46d6.57716746/2121193/2018-10-08/italia-kazakhstan-nuove-forme-di-cooperazione-nei-settori-scientifico-e-dell-istruzione/linked

https://www.agenziarepublica.it/

 

Дүние жүзі тарихы,

тарихнама және деректану кафедрасы

www.kaznu.kz