Жаңалықтар

Ғылым майданының жауынгері

17.11.2018

ҚазҰУ-да дәстүрге айналған «Өнегелі өмір» сериясының тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлтай Балақаевқа арналған кезекті 157-шығарылымының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Төлтай Балақайұлы Балақаев 1923 жылы қасиетті Семей топырағында Абыралы ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, Батыс фронтының 300-атқыштар дивизиясының 1049-полк құрамында Сталинград, Орта Дон және Батыс Ростов-Дон сынды ең қиын шайқастарында жаумен күрескен.

Жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, айтулы ғалым, абзал азаматтың өзінің ашық та жарқын бейнесімен ғана емес, ғылымдағы өшпес мұрасымен ғылыми ортада жаңа ғұмырының ұзақ жасай беретіндігіне бүгінде анық көз жеткізіп отырмыз» - деп, ғалымның есімі болашақ ұрпақпен бірге мәңгі жасасады деген деген сенімін білдірді.

«Біздің еліміздегі екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын зерттеп, онымен айналысып жүрген ғалымдарды саусақпен санарлық деп айтуға болады. Соның бірі, әрі бірегейі – Төлтай Балақаев еді. 19 жасында майданға аттанып, шайқас шебінде ауыр жараланғаннан кейін елге оралған ол, бар ғұмырын ғылымға арнады. Ғалым ұстаз ғана емес, әкелік қамқор мен тәрбие бере алған тұлға еді», - дейді тарих, археология және этнология факультеті профессоры Талас Омарбекұлы.

Арнайы жинақтың тұсаукесер рәсіміне жиналған қауым ғалым жайлы өшпес естеліктер мен жылы лебіздерін жеткізіп, «Жастарға өсиет сөз» атты бейнефильм көрсетілді.

www.kaznu.kz