Жаңалықтар

Студенттер қатарына қабылдау шарасы өтті

20.09.2010

Бұл күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алаңындада адам әдеттегіден де қалың. Жастарды мерекелік көңіл күй кернеген. Бұл күн алғаш рет “ҚазҰУ студенті” атанып отырған білімгерлердің есінде өзінің ерекше әсерімен мәңгі сақталатын “Студенттер қатарына қабылдау салтанаты”. Алғашқы студенттік вальс орындалған күн де, тұңғыш факультеттер шеруі көрініс алған уақыт та осы – 17 қыркүйек. Бұл күн – 2010 жылы ҚазҰУ студенті қатарына қабылданған жастардың төл мерекесі. Бейресми мейрамы.

Мерекелік сахналанған Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдына барабан аспабын ойнап шыққан студенттер, әсем әуенге мың бұрала билеген бишілер, көңілді сазбен ақудай ағылған бірінші курс студенттері көрерменге мерекелік көңіл сыйлауда. Биылғы жылы ҚазҰУ-дың студенттер қатары Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ең үздік мектеп түлектерімен толықты! Бірінші болып сахнаға “Алтын белгі” иегерлері келді. “Алтын белгі” иегерлері – университетіміздің элиталық гвардиясы”. Бұл теңеу ҚазҰУ ректорының бірінші курсқа дәл тауып айтқан баламасы. Одан кейінгі кезекте сахна төріне «Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпаздары, сондай-ақ, әртүрлі халықаралық және республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен спорт шеберлері келді. Осы жылы ҚазҰУ-дың спорт командасының қатары біздің бірінші курстардың ішінен 10 спорт шебері, 22 чемпион мен халықаралық және республикалық спорт жарыстарының жеңімпаздары, машықтанған шеберлермен толықтырылды! Мұндай көрсеткіштерден кейін “ҚазҰУ студенті – студенттік шақтың элитасы” деуге толық негіз бар.

Студенттер қатарына қабылданып жатқан білімгерлерге өзінің ғұламалық өсиетін айту үшін сахна ортасына Әл-Фараби мен оның шәкірттері келді. Бұдан кейінгі кезек алғаш бастама тауып отырған факультеттер шеруіне жетті. Салтанатты шерудің қатарында – еліміздің жетекші университетінің оқытушы-профессорлар құрамы бар.

Кештің ең салтанатты сәті, әрине үлкен жолдың табалдырығын атаған жастарға студенттік билет пен студент кілтін табсы ету. Студенттік билетті тапсыру үшін сахнаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов шақырылды.

- “Бүгінгі Студенттер қатарына қабылдау салтанаты ҚазҰУ-ға алтын буын ұрпақтың келгеніне арналып отыр. Ұлы Абай айтқандай: “адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ”. Еліміздің үздік университетіне келген қадамдарыңа гүл бітсін. Ақ жол тілеймін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жолдауында бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру міндетін жіті айтып келеді. Сіздер, еліміздің болашағы және бәсекеге қабілетті ұрпақ өкілдерісіздер деп сенім артамын. Студент атануларыңыз құтты болсын”, - деп бірінші курс студенттеріне студенттік өмірдің алғашқы құжаты – студенттік билетті тапсырды.

Одан кейін сахнаға профессор Салық Зиманов келіп студенттерге білім кілтін ұсынды. Біз де білім асуындағы қабілеттеріңіз мықты болсын деп тілек тіледік. Бірінші курс студенттері “бәсекеге қабілетті маман” болатындықтарын айтып ант берді.

Салтанатты шарада еліміздің танымал әншілері, ҚазҰУ-дың көңілді тапқырлар құрама командасы, “Отырар сазы” аспаптар оркестрі және тағы да басқа үйірме өнерпаздары өнерлерін көрсетті.

Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасы отандық өнер сахнасының танымал әншілерінің орындауындағы ән мен күйге ұласып, би кешімен қортындыланды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі