ҚазҰУ Қытайдың Гуйлин университетімен болашақта туризм мамандарын бірлесе даярлайтын болады. Бұл туралы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Гуйлин туризм университетінің ректоры Линь Намен кездесу барысында айтылды.
Кездесуді ашқан бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев «Қазіргі таңда университет ҚХР-ның 40-тан астам ЖОО-мен ынтымақтастық байланыс орнатып, ҚазҰУ әлемнің 130 университетін біріктіруші Жаңа Жібек жолы Университеттер Альянсінің мүшесі болып табылады. Елімізде қытай тілінде жоғары білікті мамандарды дайындауда университетіміздегі жетекші орталық Конфуций институты жұмыс жасайды. Және бүгінгі кездесу әріптестігімізді нығайтып, туризм бағытында тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік ашылмақ», – деді бірінші проректор.
«Гуйлин туризм университетінде бүгінде 12 мыңнан аса студент білім алады. 800 оқытушы профессорлар құрамы бар білім ордасында 11 институт жұмыс істейді. Университет бүгінде туризм саласын кеңінен дамытып, ҚазҰУ-мен бірлесе осы салада маман даярлауды қолға алмақшы», – дейді Линь На.
Кездесу аясында тараптар білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер секторындағы әріптестік мүкіндіктерін кеңейту тақырыбын талқылап, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру жайы қарастырылды. Шара соңында Қытай университетінің өкілдері ҚазҰУ кампусы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, мұражай және әл-Фараби кітапханасының жұмысымен танысты.
Баспасөз қызметі
www.kaznu.kz