Жастар жылы қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мен жастарға сенемін!» VI республикалық студенттік патриоттық жастар форумы өтуде.
Форум жұмысын әл-Фараби кітапханасындағы «Ұлы дала жастары» конференциясы ашты. Оған форумының іріктеу кезеңінен өткен еліміздің 70 аймақтық университетінен келген 500-ден аса студент қатысты.
2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумның бағдарламасы дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар; «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер; «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығармалар; «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық әндер байқауы.
Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылатын форум алты жыл ішінде жастар үшін мемлекеттік деңгейдегі шығармашылық алаңға айналды. Осы жылы форумға қатысу үшін ұйымдастыру комитетіне Қазақстанның барлық өңірінен 2 мыңға жуық студент өтініш жолдаған.
Форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Жас Отан» жастар қанаты, «Жандану әлемі» қоры, Жазушылар Одағы, Қазақ радиосы бірлесе ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.
Жеңімпаздар және байқау жүлдегерлері Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтетін гала-форум барысында салтанатты түрде марапатталады. Оларға ҚазҰУ серіктестері мен демеушілері атынан дипломдар және бағалы сыйлықтарға тарту етіледі. Бас жүлдеге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты беріледі.
Баспасөз қызметі
www.kaznu.kz