Жаңалықтар

Дана да дара тұлға атындағы дәрісхана

22.11.2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасында белгілі ғалым, әлеуметтанушы Сәбит Жүсіпов атындағы дәрісхананың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш шарада факультет деканы Әлия Масалимова, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Насимова, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мен Досым Сәтпаев, КазТРК бас директоры Ерлан Карин және де Сәбит Ебентайұлының жақын туыстары мен достары болып, өздерінің естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар факультет студенттері мен оқытушылары да дәрісхананың ашылу салтанатына қатысты.

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі жиналған көпшілік қауымға өз алғысын білдіре отырып, С. Жүсіпов туралы өз ойымен бөлісті. «Жыл сайын біз 1-курс студенттерін қабылдап алғанда ең бірінші еліміздегі саяси және де әлеуметтік ғылымдарды дамытуға үлес қосқан тұлғаларды таныстырудан бастаймыз. Олардың арасында С. Ебентайұлының да есімі үнемі айтылып жүреді, жалпы ол кісі рухани тұрғыдан да адами тұрғыдан да жеке көзқарасы бар озық адам еді. Енді міне аталмыш дәрісхана студенттерге дана тұлғаның даралығын таныстырып, оның еңбектерін еске салып тұратын болады. Студенттерге дәл осындай азаматтарды үлгі етіп, тәлім беру біздің парызымыз. Жастар елі үшін аянбай қызмет жасаған тұлғаларды әрдайымда біліп жүруі тиіс. Осы орайда дәрісхананы ашуда өз қолдауларын білдірген бірінші проректор М. Бүркітбаев пен факультет деканы А. Масалимоваға алғысымды білдіргім келеді», ­– деді Г. Насимова.

Аталмыш аудиторияда студенттер әртүрлі өзекті саяси-әлеуметтік тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдарын ұйымдастырып тұратын болады.

 

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының

аға оқытушысы Жұлдыз Басығариева

 www.kaznu.kz