Жаңалықтар

Студенттерді жұмыспен қамтамасыз ету

27.11.2018

Жапонияның Саппоро қаласында орналасқан жапондық “Regions” рекрутингтік компаниясының президенті Юкио Такока ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің жапон бөліміне дәріс оқыды.

Бұл компания бұрыннан бері кең ауқымды түрлі салаларға қызметкерлерді жұмысқа тартумен айналысып келеді. Соның ішінде сату, басқару, өндіру, жоспарлау және дизайн, веб-қызметтер, IT-технологиялар және басқа да салалар бойынша болашақ мамандарға түсіндіру шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Жылдар бойы жинаған тәжірибесіне сүйене отырып, компанияның арнайы өкілі жұмысқа орналасу сұхбатының қазіргі ережелері, түйіндемені дұрыс толтыру және жұмысқа өтініш бергенде ескерілетін негізгі мәселелер бойынша кеңес берді.

Юкио Такока жұмысқа алушылардың мектеп кезінде қандай оқушы болғандығы, оның белсенділігі, үйірмелерге қатысып алдына қойған мақсатқа қалай жететіндігі сынды сұрақтарға қызығушылық танытатындығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мұндай әдіс адамның тапсырманы қалай шешетінін және оның мақсаттарына жету жолын білуге мүмкіндік береді. Адамды қысқа уақыт ішінде тану мүмкін болмағандықтан, ол адамның белгілі бір лауазымға қолайлы немесе қолайлы еместігін түсіну үшін оны өткен тәжірибелерден бағалайды. Түйіндемені толтырған кезде Такока ресми киімде жинақы шаш үлгісімен суретке түсуге, және түйіндемені компьютерде теруге кеңес берді. Бұл дәріске 3-4 курс студенттерімен қатар факультеттің оқытушылар құрамы қатысып кәсіби маманнан мол мағлұмат алды. Дәрісте айтылған кеңестер болашақта жұмысқа тұруға өтініш беру сәтінде студенттер үшін бір кәдеге жарайды деген сенімдеміз дейді шараға қатысушылар.

www.kaznu.kz