- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да ҚР ҰҒА 20-жылдық мерейтойына арналған халықаралық VІІ қазақстандық-ресейлік ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
28.09.201028 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, РҒА есептеуіш технологиялардың институты, РҒА-ның М.А. Лаврентьев атындағы гидродинамика институты, Қазақ-Британ техникалық унверситетінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 20-жылдық мерейтойына арналған «Мұнайгаз өндірісінің ғылыми-технологиялық және экологиялық мәселелерін математикалық модельдеу» тақырыбында халықаралық VІІ қазақстандық-ресейлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бас қосуды ҚазҰУ-дың проректоры Нұрлан Темірбеков ашты. Жиынға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдарды ҰҒА-ның 20-жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, ресейлік ғалымдардан РҒА А.А. Дородниц атындағы есептеуіш орталығының профессоры Владимир Хачатуров пен М.А. Лаврентьев атындағы гидродинамика институтының профессоры Валентин Пеньковскийді таныстырды. Осы саладағы ең алғашқы қазақстандық-ресейлік конференция 1997 жылы Ш.С. Смағұлов пен В.Н. Монахов сынды белгілі математик ғалым, академиктердің қолдауымен ұйымдастырылған болатын. Бұл форум кейіннен кең етек жиып, дәстүрлі түрде жылдан-жылға ұласты. Соның арқасында отандық және ресейлік математиктердің қарым-қатынасын нығайтып, бір арнаға әр түрлі саланың мамандарын, механик, мұнайшы, экологтардың басын қосты. Жылдан-жылға бұл конференцияның маңызы артып, халықаралық дәрежеге дейін жетті. ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстандағы ғылыми қоғамның ең ірі ұйымы. Академияда республиканың ең білікті мамандары мен ғалымдары, жетекші жоо-ның басшылары, салалық ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік мекемелер, мемлекеттің экономикалық саласының мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындары шоғырланған. ҰҒА басты шарты Қазақстанның индустриалды-инновациялық саласын дамыту және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың алға қойған стратегиясын жүзеге асыру болып табылады.
- ҚР Ұлттық ғылым академиясы тамыры тереңге жайылған емен ағашындай. Академияның құрылуына септігін тигізген және сол дәстүрдің жалғасып келе жатқандығына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері белсенді түрде атсалысып келетіндігіне жұмыс барысында көзім жеткен болатын. ҚазҰУ мемлекеттің ғылыми саласын бір жерге жинап отырған шоғыр тәріздес. Менің жүргізген зерттеулерім бойынша ҚазҰУ бүгінгі таңда 148 халықаралық ғылыми орталықтармен, институттармен берік қарым-қатынас орнатып, ғылым саласының ілгері дамуына бар күшін салуда. Сондықтан мемлекет үшін маңызы зор, - деді М.А. Лаврентьев атындағы гидродинамика институтының профессоры Валентин Пеньковский құттықтау сөзінде.
Конференцияда оқылған баяндамалардың тақырыбы математикалық модельдеудің өзекті мәселелеріне, мұнайгаз өндірісінің ғылыми-технологиялық және экологиялық мәселелерін шешуде жаңа ақпараттық технологияларды қолдануға арналды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі