Жаңалықтар

Алға, балмұздақтар!

29.09.2010

Жыл сайын қыркүйек айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші курс студенттері арасында спорт жарыстарын ұйымдастырады. Жарыс спорттың бес түрі - кіші футбол, шахмат, арқан тарту, кіші теннис, стритбол, бадминтон және қазақша күрес бойынша өтті.

Өткен жексенбіде бірінші курс студенттері университет стадионында бақ сынасты. Күн шуағы, әсем ән мен түрлі түсті тулар мерекелік шараның қызығушылығын оятып, өзінше сән келтірді. Алаңға университеттің он үш факультетінен студенттік топтар жиналды.

Жиылған жұртты ҚазҰУ-дың проректоры Шолпан Жаманбалаева алғы сөзбен қарсы алды. Қатысушыларға оқуда озатты болуын тілеп, жастардың университет дәстүрін жалғастыратындығына сенім білдірді.

Жиылған қауымның көңілінен сайыстың қазақша күрес түрі ерекше шықты. Жанкүйер қауымның қолдауынан әсер алған спортшылар алаңда бар шеберліктерін танытты. Күрестен биология факультетінің студенті Елдос Жұмақанов жеңімпаз атанып, қатысушылардың ішіндегі жеңіл салмақтысы бола тұра барша қауымды шеберлігімен таң қалдырды. Футбол және шахмат ойынынан механика-математика факультетінің, стритбол бойынша биология факультеті, бадминтон мен теннистен филология факультетінің студенттік топтары жеңіске жетті.

Қыздар арасындағы арқан тарту сайысынан финалда география мен философия және саясаттану факультетінің студенттері бақ сынасты. Екі жақтың күші тең түсіп, сайыс біраз уақытқа созылған болатын. Алайда философия және саясаттану факультетінің қыздары шыдамдылық танытып, жеңіс жүгін өз еншілеріне түсірді. Ерлер арасында георгафия факультеті табындылық танытты.

Ойымызды түйіндесек, жалпы сайыста бағын сынап көрген бірінші курс студенттерінен болашақта үлкен жетістіктерді күтуге болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі