30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультеті мен Экология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бірлесуімен БҰҰ-ның шешімі бойынша Халықаралық биоәртүрлілік жылына арналған экожүйе тақырыбында дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
Конференцияны ҚазҰУ-дың проректоры Нұрлан Темірбеков ашты.
- Экожүйе – мемлекет құрушы фактордың бірі. Аталмыш бас қосуда барлығы 107 баяндама оқылатын болады. Конференцияда талқыланатын экологиялық мәселелер осы тақырыпты жан-жақты зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашатындығына сенемін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен ҚР Үкімет билігінің жүргізіп отырған саясаты аясында ҚР экологиялық қауіпсіздігінің 2004-2010 жылдарға арналған кодексі қабылданған болатын. Ортақ экологиялық қауіпсіздік мәселелерін шешуде отандық және шетелдік ғалымдар бірлесе жұмыс істейтіндігіне кәміл сенемін, - деді алғы сөзінде проректор мырза.
Конференцияда экология және қоршаған ортаны қорғаудың қазіргі кездегі табиғи-ғылыми және әлеуметтік-гуманитарлы мәселелері талқыланып, әр түрлі мамандарды ортақ іске жұмылдыру керектігі айтылды.Экология және қоршаған ортаны қорғаудың әлеуметті-гуманитарлық мәселелері бойынша экологиялық қауіпсіздік жүйесінде праволық реттеу, экологиялық білім берудің қазіргі кездегі мәселелері, адам денсаулығы және экология мәселелері қарастырылды.
Пленарлық отырыста Алматы қаласы әкімшілігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Батырбаев, «Экосервис С» ЖШС-ның өкілі Герман Федоров, сондай-ақ UNESCO өкілдері мен профессорлар, сондай-ақ ғылыми зерттеу орталықтарының өкілдері, студенттер мен магистранттар баяндама оқыды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі