Жаңалықтар

Жастар салауатты өмір салтын қалайды!

01.10.2010

30 қыркүйек күні «Алматы-темекі түтінінен азат қала» атты қалалық бағдарлама шеңберінде «Жастар салауатты өмір салты үшін» жастар шеруі өтті. Оған барлық жастар ұйымдары қатысты. Басқа да жастарға үлгі болатын мұндай әлеуметтік жобалардың басынан ҚазҰУ жастары ұйымдастырушылардың бірі ретінде табылды. Аталған шерудің басты мақсаты жастарды денсаулыққа зиян келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болуға шақыру.

Мерекелік іс-шараның жоспары екі кезеңді қамтыды. Бірінші бөлігі қыздар және ерлер студенттік командаларының арасындағы футболдық турнир мен жасөспірімдер арасында «Дені сау болу – бұл мықты!» атты бейнелеу өнерінің байқауынан басталса, екіншісі «Жастар салауатты өмір салты үшін» атты шерумен жалғасты. Жүздеген қала жастарының қатысуымен шеру ҚазҰУ-дың әл-Фараби алаңынан басталып «Атакент» сауда-орталық кешеніне дейін созылды. Денсаулық сақтау жолында ұйымдастырылып жатқан шараларға белсенді түрде атсалысып жүрген жас жеткіншектердің Тимирязев көшесінің бойымен жүріп өткен шеруі қала тұрғындары мен қонақтардың назарын аудартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер Сенатының төрағасы Асфендияр Күшенов пен Студенттер Сенаты төрағасының орынбасары Сәуле Ишанғалиева барша Қазақстан жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Жастар ұйымдарының комитеті