- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да Ауғанстан студенттері білім алады
01.10.201027 қыркүйекте Алматы әуежайынан ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қазақстандық ЖОО-дан білім алуға келген ауғанстандық студенттердің бірінші тобын қарсы алды. Жақын арадағы 5 жыл ішінде бір мың ауған азаматын қазақстандық жоғары оқу орындарында мамандандыруға орай, 2009 жылдың қараша айында қол қойылған екі жақты үкіметаралық меморандум негізінде Ауғанстан студенттері Қазақстанға келіп отыр.
Қазақстанда оқуға жиыны 158 ауған студенті келді, олардың арасында 77 студент әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алатын болады. Олар университеттегі барлық қажеттіліктермен қамтылған шетелдік азаматтарға арналған жатақханаға орналастырылды. Оларға мемлекеттік грант және шәкіртақы беріледі.
ҚазҰУ-да студенттерді Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, Халықаралық ынтымақтастық департаментіндегі халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы Қайрат Жүніс және шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы Жазира Молдағалиева күтіп алды. Шетелдік студенттермен қатар ҚазҰУ-ға Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Ағыбай Смағұлов келді.
- Студенттердің оқу барысы негізінен қазақ және орыс тілінде өтетін болады. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындықта студенттер Қазақстан тарихы, математика пәндерімен қатар өз мамандықтарына қарай физика, химия, биология, география, әдебиет, жалпы тарих сабақтарын да оқиды. Біздің студенттердің арасында 23-і инженерлік-техникалық мамандық бойынша, 9-ы гуманитарлық-педагогика, 15-і ауылшаруашылық, 5-уі құқықтық тәртіп, 10-ы шекара жағдайларын күзету мамандықтары бойынша білім алатын болады. Дүйсенбіден бастап олар оқуға қатысады, - дейді Жазира Молдағалиева.
Закир Хусейн (Ауғанстан):
- Бізді өте жылы құшақпен қарсы алып жатқандарыңызға қуаныштымын. Біз сіздерге сапалы жоғары білім алу үшін келдік. Мектеп түлектерімен қатар біздің арамызда әр түрлі топтағы адамдар бар. Мәселен, мен әскери училищенің студентімін. Ауғанстанда өткен іріктеу барысында 361 студенттің ішінде 158 студент өттік. Дайындық факультетін оқып шыққаннан кейін сіздердің әскери академияларыңызға оқуға түскім келеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі