- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайының тұңғыш мерейтойы
11.10.201013 қазанда ҚазҰУ мұражайына бір жыл толады. Аз уақыт болса да бұл уақыт алтын әріптермен жазылатын тарих беті. Бұл жыл мұражай ғұмырында естен кетпес әсерлі жыл болмақ.
Жаңа мұражайдың ашылу салтанатының өзі ерекше болды. Бұл 2009 жылдың 13 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келу сапарымен тұспа-тұс келді.
Мұражай аз ғана уақыттың ішінде, яғни не бары 100 күннің ішінде іргесі қаланып, бой көтерді. Мұражайдың жалпы кешені 1000 шаршы метрді құрайды. Университет мұражайы мақтануға тұрарлық 5000 мыңнан астам тарихи құнды құжаттармен, сирек кездесетін экспонаттармен жасақталған. Мұражай тарих галереясы, Даңқ залы, «ҚазҰУ – бүгіні мен ертеңі» деп аталатын залдардан тұрады. Университеттің шығармашылық, жанашылдық, ұжымдық мәдениетінің барша рухы мұражайдың барлық экспозициясында айрықша көрініс тапқан!
Жаңа мұражайды салу идеясының авторы - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры болған, бүгінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі, академик Б.Т. Жұмағұлов болып табылады. Мұражай галереясының негізгі мақсаты Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын тарихын көрсету.
Мұнда әр жылдар аралығында университет басқарған ректорлар туралы және беделді ғылыми мектептердің пайда болуы мен дамуына қатысты тарихи құжаттар қойылған. Музей кеңістігіндегі атриумда 1991 жылдан бастап университетімізге есімі берілген Шығыстың ғұлама ойшылы, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің мұраларына арналған кешен орналасқан. Экспозициямыздың «маржаны да» - Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы, М.О. Әуезов, Е.Б. Бекмаханов дәстүрлері, К.П. Персидский, Д.В. Сокольский, Т.Т. Тәжібаев, Т.Б. Дарқанбаев және басқа да көптеген тамаша ғалымдарымыздың өмірінен сыр шертетін мәліметтер деп айтуға болады. Сонымен қатар ең құрметті орында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, ҚазҰУ-дың Құрметті докторы мен Құрметті профессоры Н.Ә. Назарбаевқа арналған кешен. Еліміздің тарихындағы шешуші сәттері, егемендік туының тігілуі, білім мен ғылым жүйесіндегі қол жеткізген жетістіктері туралы сөрелер орналасқан.
Даңқ залының ортасында университеттің 75-жылдық мерейтойына арналған мәңгіліктің символы – Пирамида орналасқан. Зал қабырғаларына «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері», «Университет түлектері – біздің мақтанышымыз» атты фотогалереялар сән беріп тұр.
«ҚазҰУ – бүгіні мен ертеңі» атты залда университеттің факультеттері, ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарының жетістіктері мен болашағы туралы витриналар қойылған. Ортада – заманауи білімнің әлемдік масштабын бейнелейтін «XXI ғасырдың Жершары» атты терең мағыналы композициялық қондырғы орнатылған.
Қарашаңырақ ұжымы өз болашағын ҚазҰУ-дың 2020 жылға дейінгі дамуының бас жоспарымен тығыз байланыстырады және одан көп үміт күтеді. Алда ғаламат инфраструктуралық қайта жаңарулар – жабдықталған оқу корпустары мен ірі орталықтар, халықаралық ғылыми-білім беретін кешендер салу мен жатақханаларды қайта жаңарту жұмыстары күтіп тұр.
Өзінің ашылған күнінен бастап мұражай 10 мыңнан астам қонақтарды мемлекет және қоғам қайраткерлерін, алыс шетелдік және ТМД мемлекеттерінің белгілі азаматтарын, ғалымдары мен студенттерін, мұражай мен мұрағат ісінің кәсіпқой білгірлерін, соғыс және еңбек ардагерлерін, университет студенттері мен қала мектеп оқушыларын өз жәдігерлерімен таң қалдырып үлгерді.
Мұражайда республикалық маңызы бар үлкен мерекелік іс-шаралар Ұлы Отан соғысының 65-жылдығына арналған «Ерлік, Қайсарлық, Даңқ туралы» атты Ерлік сабағы, «Мұражай күніне» арналған студенттік мереке, Қазақстан ардагерлер кеңесінің тәжірибелік бас қосу жиыны, т.б көптеген шаралар өткізілді.
Бүгінгі күні университетіміздің жаңа музейі қаламыз бен республикамыздың мәдени өмірінде үлкен маңызға ие. Қазақстанның болашағы, интеллектуалды элитасы – жасөспірімдерді, студенттерді, жас ғалымдар мен жас көшбасшыларды патриоттық, азаматтық рухта тәрбиелеу мақсатында тұрақты түрде мәнді де мағыналы экскурсиялар жүргізілуде. Тарих пен тағылымға толы бұл жаңа мұражайға келем деушілерге әрдайым есік ашық!
Мұражайдағы құрмет кітабы алыс-жақыннан келген меймандардың жылы лебіздері мен ыстық қолдауына толған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарихи мұражайы