Жаңалықтар

Сәтті семинар

26.02.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да апта бойы жүргізілген «Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты республикалық семинардың жабылу салтанаты өтті. Аталмыш семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нұр-Мүбәрәк Ислам Египет университеті және Мысыр мәдениет орталығының бірлесуімен жүзеге асты.

Республикалық семинардың соңғы күнінде доктор Мухаммад Ражаб Абдулбари «Наһу, сарф (синтаксис,морфология) қағидаларын төрттілдік дағды арқылы үйрету» тақырыбында дәріс оқып, бұл дағдыларды қалыптастыру барысындағы кедергілерді атап өтті. Тыңдау және түсіну арқылы белгілі бір тақырыптар бойынша түсінік қалыптастыру, зер салу, оқу барысындағы және оқудан кейінгі тілді жаттықтыру тәсілдері, сол тілде әңгіме өрбіту және тақырыпты сезіне алу мен оны жазу арқылы бекіту тәсілдерін түсіндірді. Келесі дәріскер доктор Али Ибраһим абу Халифа «Араб риторикасын мәтіндер арқылы үйрету» тақырыбын ұсынып, оқыту тәсілінің ерекшеліктерін баяндап берді. Семинар барысында отандық және шетелдік оқытушылар бір-бірімен пікір алмасып, араб тілін меңгерудің жаңа заманауи әдістерін талқылап, тіл үйренушілерге араб тілін оқытуда кездесетін қиындықтар мен кедергілердің шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ семинарға қатысқан оқытушылар Франциядағы  المرصد الاروبي لتعليم اللغة العربية орталығынан онлайн-лекцияларын тыңдауға мүмкіндік алды.

Семинарға қатысқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің 1995 жылғы түлегі, араб тілі пәнінің оқытушысы Г.Е. Имашеваның пікірі бойынша, халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік семинарлардың ұйымдастырылуы, араб тілін үйретуші мамандардың кәсіби біліктілігін жан-жақты көтеруге және тілді оңай үйрететін жаңа әдістерді шығаруға себептігін тигізеді.

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

www.kaznu.kz