- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Испаниямен әріптестік шекара кеңеюде
28.10.201027 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен «Universidad.es» корының президенті Моника Маргарит және оның сауда-экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі Диего Молерес Олливьердің қатысумен әріптестік кездесу өтті.
Қонақтар қордың мақсат-міндеттерімен таныстырды әрі Испанияның білім жүйесіндегі қордың рөлін және испандық университердің тыныс-тіршілігіне тигізер үлесін атап өтті.
ҚазҰУ ректоры Ғ.М.Мұтанов шетелдік меймандармен екіжақты университеттер арасындағы әріптестіктің бағыт-бағдарын талқылап, студенттерді алмасып оқыту, оқытушылар тәжірибесімен бөлісу саласындағы атқарылар шараға тоқталып, Болон жүйесіндегі жетістіктермен бөлісті.
Диего Молерес Олливьер университет басшылығына Қазақстан Республикасындағы Испания Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Альберт Антон Кортес мырзаның сәлем хатын жеткізді. Қонақтар ҚазҰУ-да мықты мамандар даярланатынын және ҚазҰУ Қазақстандағы ең үздік университет болып табылатындығынан хабардар екендігін айтты. Ендеше бұл сапарға Моника Маргарит ханымның келуі де осындай беделдердің күші екендігі белгілі.
Өз кезегінде Моника Маргарит ханым ҚазҰУ ректорын басшылыққа келген жаңа міндетімен құттықтап өтті.
– Испан университеттерінің шетелде жетілдіру үшін осыдан екі жыл бұрын бұл қор құрылған еді. Біз СІМ, ҚР Білім және ғылым министрлігімен тығыз әріптестік байланыстамыз. Барлық испаниялық университеттер біздің қордың еншісінде. Біздің бағдарламамыз, сіздердің, университеттеріңіздің басшысы испаниялық жоғары оқу орындарымен қарым-қатынаста болуын көздейді. Біздің білім жүйесімен толық танысу үшін, сіздерді Испанияға шақырамыз, - дейді қор президенті.
– Дәл қазіргі уақытта кең ауқымда Болон жүйесі жүріп жатыр. Бұл жүйе білім бағдарламасын жетілдіріп, студенттер мен оқытушылардің мобильділігін арттырады. Бізде ғылым саласындағы жобалар негізінде студенттерді алмастырып оқыту мүмкіндігі бар. Қазір Қазақ ұлттық университеті ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында. Сондықтан біздің алдымызда университетімізді модернизациялау міндеті тұр. Осы сұрақтар төңірегінде Испаниядағы жетекші университеттердің тәжірибесі бізді қызықтырады, – деді ҚазҰУ ректоры.
Қысқаша анықтама.
Испаниялық университеттермен әріптес ретінде Universidad.es қоры Испанияның Министрлер Кеңесінің 2007 жылы университеттер туралы заңын түзетуінен кейін 2008 жылы құрылған болатын. Universidad.es – испаниялық университеттердің әлемдік деңгейде дамуына қолдау көрсететін қоғамдық қор. Қорды құру испаниялық үкіметтің бастамасымен және Испанияның аймақтық үкіметінің қолдауымен және университеттердің Қамқоршылар кеңесінің бірінші кездесуінде мақұлданған. Қор қызметі испаниялық жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттерді көбейту, зерттеуді дамыту, испандық студенттердің санын арттыру, Испания білім жүйесінің дамуына үлес қосу т.б. игі істермен айналысады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі