- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әлем спортшыларын дайындаған Спорт клубы – 60 жаста
30.10.201030 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Спорт клубының 60 жылдығына арналған спорттық мерекенің салтанатты ашылуы болды. Осы мерекеде сонымен қатар ҚаЗҰУ ректоры кубогына арналған факультетаралық Спартакиада тұсауын кесті. Олимпиада ойындарына чемпиондар даярлаған ордаға ардагер спорт майталмандары және Бокстан еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов, 2008 жылы Қытайда өткен Олимпиада ойындарында дзюдо күресінен күміс алқа иегері Асхат Житкеев бастаған бірнеше спортшы түлектермен қатар университет басшылығы қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт клубы 1934 жылы ҚазҰУ құрылған сәттен университет ұжымының өміріне нық енді. 1948 жылы дене шынықтыру мен спорт кафедрасы ұйымдастырылды, ал 1950 жылы Қазақстаның жоғары оқу орындарындары арасында алғашқы спорттық клубы құрылды. Сол жылы 150 студент пен университет қызметкерлері Іле Алатауындағы Комсомол шыңын бағындырып, 1951 жылы шыңдардың біріне КазГУ деп университеттің атын берді.
Мереке барысында ҚазҰУ ректорының атынан сөз алған университеттің бірінші проекторы Мақтағали Бектемесов:
- Республикамыздағы жоғары оқу орындары ішінде алғашқы болып ашылған спорт клубы 60 жасқа үлкен дәрежемен жетіп отыр. Оған дәлел ретінде баскетболдан еңбегі сіңген спорт шебері, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Надежда Ольхова, бокстан еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов, Қытайда өткен Олимпиада ойындарында дзюдо күресінен күміс алқа иеленген Асхат Житкеев, тағы басқа түлектерімізбен ерекше мақтана аламыз. Бұл Сорт клубта халықаралық деңгейдегі бапкерлер жұмыс істеп жатыр. Алда талай жаңа белестерге, биіктерге жете беріңіздер,- деген лебізімен бөлісті.
Иә спорт ордасының тарихы тереңде жатыр. Әр жылдары айтулы спортшылар Құрал Қаймерасов, Ленский Аркадий Михайлович, Михайлов Юрий Сергеевич, Рожков Геннадий Дорофеевич, Маслов Александр Петрович, Кондратенко Николай, Сивков Виталий Григорьевич, Досмұхамбетов Темірхан Мыңайдарұлы, Захаров Юрий Филиппович, Кудашов Николай Александрович, Мадиев Қасымжан Баянжанұлы бүгінде Дүйсембаев Талғат Ноғайбайұлы басшылық жасап келе жатқан жүлделі ордада спорттың 14 түрі бойынша секция ұйымдастырылып, жыл сайын факультетаралық спартакиада өткізіліп тұрады. Ең алғашқы спартакиадада спорттың 3 түрі бойынша жүргізілген екен. Олар: волейбол, гимнастика және жеңіл атлетика. Кейінен университетің дене шынықтыру және спорт кафедрасы мен спорт клубында спартакиада – дәстүрлі және негізгі спорттық іс-шараға айналды.
Бүгінгі 60 жылдық мереке осындай белестердің шыңы десек болғандай. Жарты ғасырдан артық ғұмырында ҚазҰУ-дың Спорт клубында Азия, Еуропа, Әлем чемпионаттарында және Олимпиада ойындарында Қазақстанның атын шығарған спортшылар дайындалып шығарылды. Униврситет спортының жарық жұлдыздарының арасында баскетболдан еңбегі сіңген спорт шебері, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері Надежда Ольхова, дүние жүзіндегі ең биік шың Эверест бағындырған, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Юрий Голодов пен Владимир Певцов, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа чемпионы Владимир Шестополов, велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа чемпионы Виталий Толкачев, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионының бірнеше дүркін чемпионы Абзал Ерғожаев, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа және Әлем чемпионы Маден Қалиеков, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Еуропа, Әлем чемпионы Айтжан Шанғараев, көркем гимнастикадан еңбегі сіңген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы Сәуле Барлыбаева, бокстан еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов, бокстан еңбегі сіңген спорт шебері, екі дүркін Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан Әлем чемпионы Валентин Юнусов, бокстан Әлем чемпионы Дархан Аширов, велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Евгений Корольков, шахматтан халықаралық гроссмейстірлер Евгений Владимиров және Болат Асанов, мылтық атудан спорт шеберлігіне көрсеткішті орнындаған бірінші қазақ қызы Гуля Майлыбаева т.б. деп тізбектеліп кете береді. Әрине бұл үлкен жетістік. Мерекенің мерекесі. Осы кезекте ел спортының дамуына ерен еңбек еткен ордаға ағылған құттықтаулары да орасан болды. Спорт клубының жетістігін үкілей келген Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ педагогикалық қыздар институты сияқты ЖОО құттықтаулары әріптес мерейін тағы бір өсіріп тастады. .
Сонымен бірге Алматы қалалық әкімшілігі айтулы мерекенің иелерін дәлірек айтсақ «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші спорт шеберлерін даярлауда толағай табыстар мен жетістіктердің бастаушысы ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушыларын арнайы алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде Спорт клубтың 60 жылдық мерекесінде ақпараттық қолдау көрсеткен біздің ұжым – ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі және қаржылық демеушілік танытқан «Атамұра» корпорациясы Спорт клубтың директоры Дүйсембаев Талғат Ноғайбайұлы атынан граммотаға ие болды. Марапаттау рәсімі барысында көркем гимнастика, каратэ-до, таэквондо, кикбоксинг, тайбокс бойынша спортшылардың қойылым-көрсетілімдері және университет студенттерінің қатысуымен жалаушалармен көрсетілетін жаттығулар, пирамида құру + Сокольский гимнастикасы, ГТО элементтерімен би композициясы көрермен назарына ұсынылды.
P.S. 2010 жылдың 18 қазаны мен 6 қарашасы аралығында университеттің спорт алаңдарында мини-футболдан, волейболдан, үстел теннисінен, шахматтан және бадминтоннан жарыстар өтеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі