- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Шалтай Смағұлұлының 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция-семинары өтті
29.03.20192019 жылдың 29 наурыз механика-математика факультетінде ғылым, техника және білім саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Шалтай Смағұлұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Математика және математикалық моделдеу» ғылыми конференция-семинары өтті.
Семинарға Қазақстанның барлық облысының белгілі математиктері, Ш. Смағұловтың шәкірттері түгел қатысты. ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйінен «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітап тұсаукесері өтті. Кітапты ҚР ҰҒА Академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев, Шалтай Смағұловтың жары Қалимаш Ортанбаева және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев салтанатты түрде лентасын қиып, тұсаукесу рәсімі қазақы шашуымен жасалды. Арнайы бейнеролик жасалып, ғалымның шығармашылығы мен өмір жолы қамтылған фильмде барлық жетістігі де көрсетілді. Жиынға Шалтай Смағұловтың отбасы қатысты.
Жиынды модератор ретінде алғы сөзімен ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректор, физика-математика ғылымының кандидаты Асқар Хикметов ашты. Барша жиылған қауымға алғысын айтып, ұстазы Шалтай Смағұлұлына деген құрметтері мен ыстық ықыластары үшін ризашылығын білдірді.
Мұхтарбай Өтелбаев: «Мен Шалтайды студент кезінен танимын. Новосибирскіге мен іс-сапарға бардым, докторлық диссертациямды жасап, дайындау үшін. Сонда қарасам, Шалтай студент екен. Дарынды студент-ау деп бірден байқадым. Кейін мен ғылым докторы болсам, ол кандидаттық қорғайын деп жүр екен. Шет тілінен бұрын емтихан тапсыратын, соны тапсырды. Онымен жолығып, математика факультетінің деканы Орынбасаров деген кісімен таныстырып, Шалтайды ертіп екеуміз сол кездегі ректор Өмірбек Жолдасбековке бардық. Қорғады ма деп сұрады, жоқ деп едік, онда қорғап алған соң келсін деді. ҚазҰУ-да доцент болды, қолданбалы математика кафедрасына меңгеруші болып еңбек жолын бастады. Ғылыми жұмыстарына келсем, Новосибирскіде бірқатар жақсы жұмыстарды бастаған, көзге түсіп жүрген математик болатын. Осы жерге Қазақстанға есептеу математикасы саласын алып келді. Есептеу математика саласы ең керек саланың бірі. Бірталай кадрлар дайындады. Мен кейіндеу ҚазҰУ-да істедім, арамызда байланыс болып тұрды. Жиі баяндама жасайтын, баяндамашылар екі түрлі болады. Сынды қабылдай алатыны және қабылдай алмайтындар да бар. Оған сын айтсаң, сұрақ берсең одан ол ләззат алатын. Сынды жақсы қабылдайтын. Шалтай Қазақстанда есептеу математикасын қатты дамытқандардың бірі болды. Математика ғылымында жарқ еткен жан еді», - деп еске алды әріптесін.
Семинарға қатысушылардың көпшілігі Шалтай Смағұловтан дәріс алған, еңбек жолын ұстазымен бірге бастаған математиктер. Барлғы да адамгершілігі мен біліміне тәнті болып, сол кісідей болуды армандаған. Ал, бүгінгі жас студенттер, болашақ математиктерге тәлім-тәрбие болсын деп арнайы кітап шығарылып, факультеттегі №324 аудиторияға математиктің есімі берілуі ол ертеңгі ұрпақ үшін үлкен тарих.
«Шалтайдың кереметтілігі ол Новосибирскіде 2-3 жыл ішінде білмейтінін меңгеріп, аты әлемге таныла бастады. Әсіресе, француз математиктері Шалтай біз шеше алмай жүрген проблемаларды шешкен екен деп іздеп келгені бар. Шалтай ғылымға жол ашты, әлемдегі шешілмей жатқан жеті проблема бар мыңжылдық проблемасы дейді, бәрі біледі. Соның Новье-Стокса проблемасымен айналысатын. Есептеу математикасында көптеген моделдер жасады. Ғылыми мектеп жасады. Айрықша мейірімді болды. Жастарға көп көмек жасап, жастарды жақсы көріп, бірігіп жұмыс істейтін. Қазір Смағұл мектебі бар», - дейді құрдасы әрі әріптесі Тынышбек Қалменов.
Конференция-семинарға арнайы дайындалып келген баяндамашылар өз кезегімен баяндама жасап, қызықты ойларымен, зерттеу жұмыстарымен бөлісті.