Жаңалықтар

Ботай мәдениеті және Орталық Азиядағы энеолиттік ескерткіштер

04.04.2019

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының аясында қойылған міндеттерді орындау мақсатында бүгін VI Халықаралық «Фараби оқулары» аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультеті «Археология және дала өркениеттері» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Ботай мәдениеті және Орталық Азиядағы энеолиттік ескерткіштер» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясы басталды.

Конференцияның негізгі мақсаты – дала өркениетінде алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігін дәлелі болып табылатын Ботай мәдениетінде ұзақ жылдардан бері т.ғ.д., профессор, Герман археологиялық институтының корреспондент мүшесі В.Ф. Зайбертің жетекшілігімен және әлемдік деңгейдегі жетекші ғалымдар зерттеулері нәтижелерін саралау және болашаққа бағдар жасау.

Конференцияға Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Дания, Қытай, Германия, Литва, Италия т.б елдерден келген ғалымдар қатысты.

Ботай қонысы - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы территориясында орналасқан энеолит дәуірінің (б.з.д. IV-III мың.) археологиялық ескерткіші. Дала өркениетінің бастаулары (Ботай мәдениеті) жылқыны қолға үйретудің ең ерте үдерістерін, яғни жаяудан ат-арбалы комуникацияға өтуді, өндіруші экономиканың қалыптасуын және қазақ халқының мәденигенезінің бастамасын көрсетеді.

Ботай мәдениетін зерттеудің маңыздылығын тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаев өзінің "Ұлы Даланың жеті қыры" мақаласында ерекше бөліп көрсетіп, оның салтаттылықтың қалыптасуы мен дамуындағы тарихи маңызын қазақ халқының контекстінде атап өтті.

Қазақстандық археолог ғылымдардың шетелдік әріптестермен шығармашылық байланыстары Қазақстан энеолитін зертеуде инновациялық әдістерді қолдануға мүмкіндік берді, сонымен бірге адамдар мен жануарлардың іс-әрекетінен хабар беретін ерекше табылымдары бар бірегей қоныстың әртүрлі бөліктеріндегі мәдени қабаттың сипаты туралы ақпаратты кеңейтті.  

Конференция барысында ғалымдар Ботай және Қазақстандағы басқа да энеолит ескерткіштерін зерттеу қорытындыларын талқылады. Түрлі сала ғалымдарының, әсіресе генетиктер, зооморфологтар, остеологтардың пәнаралық зерттеулері төмендегідей жаңа әдістерді қолдануға мүмкіндік берді: изотоп талдауы, липид және протеом қалдықтарының талдамасы, AMS мерзімдемесі, геофизикалық және геохимиялық зерттеулер, топырақтың археоботаникасы мен микроморфологиясы, және де зооархеологиядағы жаңа тұрғылар.

Конференция қорытындыларын талқылау барысында ғалымдар археологтардың, генетиктердің, лингвистердің, тарихшылардың, этнологтар мен мәдениеттанушылардың кешенді зерттеулері арқылы ботай мәдениетінің ақпарат блоктарын Қазақстан мен Еуразияның тарихи негіздеріне қосудың қажеттілігін атап өтті.

Бүгінгі полиэтникалы Қазақстандық қоғамға ең алдымен тарихи-мәдени, этномәдени және азаматтарға патриоттық тәрбие берудегі қолданбалы бағдарламалар қажет. Қазір ол ашық аспан астындағы археологиялық және этнографиялық музей кешендері болуы мүмкін, онда көрнекі инновациялық әдістер арқылы елдің ерекше тарихы сипатталады.  

Ботай мәдениеті (б.з.д. IV-III мың.) бойынша көпжылғы халықаралық зерттеулер жылқының ең алғаш Қазақстан территориясында қолға үйретілгендігін көрсетті, ал пасионарлы дала салтаттысы атты-көлік қатынас жолындағы жаңа дәуірді ашып қана қоймай, оны жетілдіріп, ғасырлар бойы бүкіл дүниеге таратты.

Ботайлықтар қазақ халқының және Еуразиядағы басқа да этностардың мәденигенез үдерісіне негіз болды. Күнтізбелік шаруашылық циклдерді, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін және киелі - рухани құндылықтарды қалыптастырды. Салтатты мәдениет әлем тарихының барысын жылдамдатты, ал алғашқы салтаттылар далалық өмірдің барлық салаларында ең озық және перспективті ашылуларды Ежелгі Дүниеде таратушы болды.

Міне сондықтан да қазақ этносының ерте тарихы мен Қазақ хандығына трасформацияланған Дала өркениеті өзінің тарихында тұңғиыққа батпады және ұмытылмады. Қазақстан бір уақыттарда жазылғандай транзитті территория болған жоқ, керісінше жер шарындағы көптеген халықтардың тарихына тағдыршешті рөл атқарған әлемдік тарихи-мәдени үдерістер өткен кеңістік.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанның энеолит мәдениеттін жалпы зерттеу туралы қарар қабылданды, жас ғалымдарды дайындау мен бірлескен зерттеулер жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Ботай мәдениетін зерттеуге және Отандық ғылымның дамуына қосқан орасан үлесі үшін археология профессоры, Экзетер университетіндегі (Ұлыбритания) "Адам-жануар-қоршаған орта" орталығының директоры Алан Оутрамға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы атағы берілді.

www.kaznu.kz