- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Американдық кеңеспен өткен кеңес
25.04.2019Халықаралық білім беру жөніндегі Американдық кеңес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да табысты жүзеге асырылып жатқан «Флагман» (Language Flagship) бағдарламасын кеңейтуге ниетті. Мұндай ұсынысты Америка делегациясын бастап келген халықаралық білім беру жөніндегі Америка кеңесінің құрметті президенті Дэн Дэвидсон ҚазҰУ басшылығымен кездесуі кезінде айтты.
АҚШ делегация құрамын қарсы алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ҚазҰУ-да Американдық Кеңеспен Russian Overseas Flagship бағдарламасы аясында білім беру қызметін көрсету туралы келісім жасалған күннен бастап (2014 ж.) орыс тілін меңгерудің жоғары деңгейіне жеткен 80-нен астам студент даярланғанын атап өтті. Аталған бағдарлама бойынша екі елдің студенттері тілдік дайындықтан өтіп, қажетті мамандықтарды оқып, түрлі ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндіктері бар.
Мысал ретінде ҚазҰУ-дан 2018-2019 жылдар аралығында АҚШ-қа 114 студент пен оқытушы барды. Бүгінде филология және әлем тілдері және халықаралық қатынастар факультетінде АҚШ-тан келген 29 студент білім алуда. Сонымен қатар, ректор жоғары мәртебелі қонақтарды университеттің қызметі және жетістіктерімен таныстырды. Мәселен, өткен жылдың желтоқсанында Al-Farabi-2 наноспутниктері Ванденбергтегі (Калифорния) әскери-әуе кешенінен сәтті іске қосылды. 64 жерсеріктің ішіне кіретін Al-Farabi-2 наноспутнигін іске қосумен Илона Маска SpaceX компаниясы айналысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын және ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы тұрақты даму жөніндегі өңірлік хабын басқарып, БҰҰ жүктеген миссияны тиімді орындайтыны аталып өтті.
Өз кезегінде халықаралық білім беру бойынша Американдық кеңестің құрметті президенті Дэн Дэвидсон ҚазҰУ басшылығының жылы лебізбен қарсы алуына алғыс білдіріп, «ҚазҰУ-көптеген жылдар бойы жоғары беделге ие болған серіктестердің бірі. Университеттің 4.0 моделін алға жылжытуы, бізді шабыттандырады. Сіздің университетіңіз қуатты, әмбебап, және әрбір тәлімгер міндетті түрде өзіне қажетті курстар мен семинарларды табады», - деді. Сондай-ақ Flagship ұлттық бағдарламасының директоры Сэм Эйзен тестілеу қорытындысы бойынша, бағдарламаны әдістемелік іске асыру сапасы бойынша, мәдени бейімделудің табыстылығы, студенттердің тұлғалық жетілуі мен тілдік дайындығы бойынша жоғары нәтижелікке жоғары деңгейде баға берді. Сондай-ақ келіссөздер барысында тараптар тек орыс тілін ғана емес, сонымен қатар қазақ тілі мен Қазақстан мәдениетін зерттейтін АҚШ студенттерінің елеулі жетістіктерін атап өтті. Кездесу соңында тараптар жұмыс нәтижелеріне қанағаттанушылық білдіріп, өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамыту жолдарын белгіледі.