Жаңалықтар

ҚР БҒМ басшысының ҚазҰУ-ға сапары

26.04.2019

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болды.

ҚР БҒМ министрі әл-Фараби мұражайын, жағаяттық басқару орталығы, технопарк, «Керемет» СҚО, «Sanaly Urpaq» жобалық кеңсесін және әл-Фараби ғылыми кітапханасын аралап, университеттің IT-технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу қызметімен танысты.

ЖББ аралау барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов министрге ғылыми-білім беру процесіне IT-технологияларды енгізу, кампус инфрақұрылымын басқаруда бұлтты технологияларды қолдану, аналитикалық жүйені қалыптастыру үшін smart-технологияларды және Big Data пайдалану туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол университетте сандық технологияларды белсенді енгізілуде, ҚазҰУ-да өз орталықтары мен зертханаларын ашқан әлемдегі жетекші жоғары технологиялық компаниялармен ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқандығын атап өтті.

«Біз университеттің барлық бизнес-үдерістерін басқарудың интеграцияланған жүйесін қалыптастырдық. «Univer» ақпараттық жүйесінің арқасында бүгінгі таңда барлық оқу үдерістері, бос білім беру гранттары мен жатақханалардағы орындарды бөлу рәсімдері ашық түрде жүргізіледі», – деді Ғ. Мұтанов. ҚазҰУ-да «Оқытушы-студент» өзара қарым-қатынас жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятын, студенттердің жетістіктерін бағалаудың жаңа әдістері мен технологиялары енгізілген. «Univer» жүйесінің базасында «Е-қызметтер» жобасы іске асырылуда, ол «бір терезе» қағидаты бойынша 500-ден астам оқу-білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызметтерді жылдам және сапалы алуға мүмкіндік береді - деп атап өтті Ғ. Мұтанов.

ҚР БҒМ министрі Күләш Шәмшидинова университеттің жетістіктері мен әлеуетін жоғары бағалап, мемлекеттік даму бағдарламаларын, оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол технопаркте студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми жобалары, әзірлемелерімен, ал медициналық орталықта диагностика және қызмет көрсету жүйесімен танысты.

Министрдің жоғары оқу орнының басшылығымен кездесуі барысында жоғары білім мен ғылымды одан әрі дамыту мәселелері, сондай-ақ оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар талқыланды.

www.kaznu.kz