Жаңалықтар

Ол көктем оралмайды

19.11.2010

Қараша айының 18-жұлдызында Халықаралық студенттер күніне арналған студенттік «БІЗ» драма театры «Ол көктем оралмайды» қойылымымен жаңа маусымы ашылды.

“БІЗ” студенттер театры университеттік театр өнерінің дәстүрін жалғастыруда. Студенттік ұжым көрермендерге “Адаспаңдар!”, «Бағдаршам», «Той», «Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр», «Ол көктем оралмайды» атты қойылымдар ұсынып үлгерді. Театрдың көркемдік жетекшісі – режиссер Ғалымжан Сайлаубеков.

Театр – бұл мәңгілік сезімге толы тұтас бір өмір. Махаббат пен өшпенділік, өмір мен өлім, сенім мен үміт. Студенттер үшін театр өнерінің сиқырлы күшіне жанасуға, түрлі кейіпкерлердің бейнесін сомдауға, «біз» сөзінде мыңдаған «мен»-нің болуын, ал «біз» бірге әлемді төңкеретін күш екенін түсінуге жол ашады.

Кешегі күні болып өткен «Ол көктем оралмайды» қойылымы көрерменнің көңілінен шыққан, махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы сезім екенін тағы бір еске салған керемет дүние болды. Келген қонақтар қойылым соңынан үздіксіз, ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, шапалақтан шашу шашты.

Студенттердің өнерін тамашалауға басшылықтан келген Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбекова студенттерді театр жаңа маусымының ашылуымен университет басшылығы атынан құттықтап, театрдың жастарға берер тәлім-тәрбиесінің қаншалықты зор екенін айтып, шығармашылық табыс тіледі. Филология факультетінің деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы өзінің ақ тілегімен студенттерге ризашылығын білдірді. Театр режиссеры Ғалымжан Сайлаубеков жиналған көпшілікке алғысын айтып, қойылымның сценариін жазатын студенттердің өзі екенін және театр мүшелерінің 70-80 пайызын филология факультетінің студенттері құрайтынын да атап өтті.

Жас өнерпаздарымызға тек қиядан көрініңіздер дегіміз келеді.

Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаменті