Жаңалықтар

Әріптесіміз білім ордасына басшылыққа кетті

24-қар-10

Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы осы оқу ордасында Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін абыройлы атқарған Темірбеков Нұрлан Мұханұлын Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры қызметіне сәттілік тілеп, марапатпен шығарып салды. ҚазҰУ ректоры, университеттің проректорлары мен әкімшілік тарапы Нұрлан Мұханұлын университет ректоры қызметіне тағайындалуымен құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі.

ҚазҰУ-да Ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметін атқарған Нұрлан Темірбеков университеттің, сондай-ақ, еліміздің ғылым кеңістігінің дамуына зор үлес қосты. Оның бастамасымен «Болашақтың ғылымы» атты халықаралық-тәжірибелік конгресс, республикалық, университетаралық бірнеше ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды.

Ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Нұрлан Мұханұлы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін басқара отырып, еліміздің ғылым болашағын одан әрі ілгерілетіп, дамыта түсетіндігіне ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы сенім білдіреді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Темірбеков Нұрлан Мұханұлына әріптестік қолдау білдіріп, жаңа қызметіңізге табысты еңбек тілейді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі