Жаңалықтар

Жаңа бастамада жастардың үлесі зор

25-қар-10

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов студент белсенділерімен кездесіп жастарды мазалап жүрген бірқатар мәселелерді талқылап алды. Кездесуге университет басшылары, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы мен факультет клубтарының мүшелері, оқу озаттары қатысты.

Жиын алдында ректор 14 факультеттің ұйымдастыруымен кіші-гірім көрмені аралап, қызметімен танысып шықты.

- Бүгінгі студент болашақ мемлекеттің кепілі. ҚазҰУ классикалық үлгіден ғылыми стилге көшіп қана қоймай, ғылыми инфраструктураны дамытуға өз үлесін қосу керек. Оны жүзеге асыратын – сендерсіңдер. Сондықтан күш біріктіріп, алдыңғы буын ағалар мен кейінгі буын інілер бірлесе жұмыс істегені жөн, - деді Ғалымқайыр Мұтанов алғы сөзінде.

Бас қосу еркін түрде өтті. Кез келген студент көкейінде жүрген өзекті сұрағын университет басшысына қойып, ұсыныстарын жасауға мүмкіндік алды. Қойылған сауалдар студенттік өмірдің жан-жақты салаларын қамтыды. Мәселен, оқу жүйесі, студенттің өзін-өзі басқару жүйесі, магистратура мен PhD докторантураның грант орындарын көбейту, шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасу, Wi-Fi қызметін жетілдіру, жатақхана орындарын көбейту, студенттік театрды қолдау, т.б. Сондай-ақ жаңадан салынған оқу ғимараттарына көшу мәселесі студенттерді ерекше толғандырды. Бұл дәстүрлі кездесуде қарастырылған өзекті мәселелер алдағы уақытта шешім табатындығына екі жақ та сенімді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі