Жаңалықтар

Ректор биология факультетінде болды

25-қар-10

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы университет қызметкерлерімен етене танысу үшін әр факультетті тиянақты түрде аралап жүргенін хабарлаған болатынбыз. Ондағы мақсат – барлық факультет ұжымымен жан-жақты танысу ғана емес, факультеттердегі қордаланған мәселелерді тыңғылықты шешу және қасиетті қара шаңырақты ірі ғылыми зерттеу университетіне айналдыру барысындағы жұмыстарды түсіндіру. Осы орайда, 25 қарашада ректор биология факультетінде болып, факультет жұмысының қыр-сырына қанықты.

Биология факультеті - 1934 жылы негізі қаланған университеттің екі факультетінің бірі. Алғашқы жылдары факультетте ботаника және зоология деп аталатын 2 кафедра жұмыс істеп, онда барлығы 22 студент ғана білім алды. Келесі жылдары олардың саны артып, өсімдіктер, жануарлар және адам физиологиясы, дарвинизм және генетика, топырақтану, гидробиология және ихтиология, гистология және цитология, микробиология, биофизика, биохимия, табиғатты қорғау кафедралары ашылып, соған сәйкес білім алушылардың саны да артты. Әртүрлі кезеңдерде кафедралар қайта құрылып және осы уақытта 6 кафедра қызмет атқарады.

Факультет табалдырығын аттаған ректор Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы ғимаратта орналасқан мұражайда болып, факультеттің кафедралары және зертханалары жұмыстарымен мұқият танысты. Зертханаларда жүзеге асырылып жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарына ризашылығын білдірген ректор «Мұндай жасалып жатқан зерттеулер біздің білім орданы ірі ғылыми зерттеу университетіне айналдыру мақсатымызбен астасып жатыр. Енді осы жұмыстарға біз нарықтық көзқараспен қарап, оны өндіріске енгізу жағын ойластыруымыз керек» деді. Бұл мәселе факультет ұжымы қызметкерлерімен болған басқосуда да кеңінен талқыланды. Өз кезегінде биология факультетінің деканы Тамара Минажқызы факультетте атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жүзеге асырылатын жоспарлары туралы ой бөлісті.

Емен-жарқын сұрақ-жауап түрінде өрбіген жиында биология факультетінің қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде ой толғап, көбіне зертхана жұмыстарын дамытуға байланысты ректордың пікірін білуге тырысты. Бұған қатысты Ғалымқайыр Мұтанов «Зертхана жұмыстарын дамыту, оның материалдық-техникалық базасын заманауи техникалармен жабдықтау университет жетекшілігінің басты назарында болады. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы. Сондықтан, біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды еліміздегі ірі ғылыми зерттеу университетіне айналдыру үшін барлық қолдан келетін құндылықтарды жүзеге асырамыз» деді.

Еркін сұқбаттасу түрінде өткен кездесу университет алдында тұрған іргелі мақсат-міндеттерді тағы да бір рет айқындап берді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі