2 желтоқсанда сағат 13.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Түркі жазуы мейрамы» өтеді.
Әрбір халықтың рухани байлығы – ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын мұра. Кез келген халықтың өзіне тән тарихы, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар. Соның бірі – түркі халықтарына ортақ мұракөне түркі жазба ескерткіштері. Ардақты есімдерді ел жадында сақтау үшін сол заманның данагөй білімдарлары өркениеттің белгісі болып табылатын түркі сына жазуымен тас бетін өз тарихымен айшықтаған. Көнеден келе жатқан жәдігерлердің ішкі мазмұны мен сырын ұғыну, оның қазақ халқы үшін қаншалықты құнды екенін анықтау – болашақ ұрпаққа парыз. Осы аса құнды мақсат филологияфакультетінде дәстүрлі түрде өткізілетін «Түркі жазуы мейрамы» атты шарада барынша жүзеге асып келеді. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, аталған шара факультеттің қазақ филологиясы және қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары 2 курс студенттерінің қатысуымен жүзеге аспақ.
Биылғы шара жылдағысынан өзгеше сипат алып, тың жобамен өткізілмек. Мәселен онда, қатысушы студенттер «KazNU» телеарнасын құруды ұсынып, онда әртүрлі бағдарлама ашуды жоспарлап отыр. Бағдарламаларды «Айтарым бар», «Қонақжай», «Тарихтан сыр шертейік», «Түркі дастарханы» сияқты бірнеше айдарларға топтастыру арқылы көрерменді қызықтырып, баурап алмақ ниетте.
«Түркі жазуы мейрамының» басты мақсаты – жастарымызға туған тіліміздің бастауы болған көне түркі тілінің құндылығы мен құдіреттілігін таныту. Бойында ұлттық рухы жалындап тұрған әрбір жастыңотансүйгіштік сезімін оятып, ұлттық тарихымызды қастерлеуге шақыру. Шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, Көкбөрінің қайтпас қайсар ұрпағы, әрбір алаш баласының жүрегі «Мен қазақпын» деп соғуы тиіс.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі