Жаңалықтар

Әл-Фараби – өркениет ойшылы

14.06.2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Мedar» халықаралық мәдени зерттеулер орталығы  (Түркия)  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе отырып «Әл-Фараби – өркениеттің ойшылы» атты деректі фильмін түсірді. ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2020 жылы аталып өтетін  әл-Фарабидің 1150 жыл толуына орай ҚазҰУ-да қазақ тіліндегі деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Аталмыш шараға көрнекті фарабитанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кинотанушылар, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ ҚР-дағы Түркия Республикасы Бас елшілігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Ұлы дала адамзат үшін аса көрнекті қайраткерлерді, оның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабиді де берді. Аристотельден кейін екінші ұстаз аталған әл-Фараби туралы деректі фильм философтың шығармашылық мұрасын және оның адам өркениеті тарихындағы рөлін дәріптеуге бағытталған.

Фильмді көрсету алдында сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Әл-Фараби сол кездегі өркениеттер мен мәдениеттердің ірі орталықтарында білім алғандығын атап өтті. Оның шығармашылық қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің Ренессансына тиесілі. Ойшылдың еңбектері Батыс пен шығыс мәдениетінің жақындасуы мен өзара түсіністігі үшін байланыстырушы көпір болды.

«Фильм ғалымның қалыптасу кезеңдері мен жетістіктері туралы баяндайды. Біз көрермендерді әл-Фарабидің өмірі мен қызметімен, оның еңбектерімен таныстырамыз, өз тарихымызды кеңейтеміз. Сол арқылы көне тарихымызды қайта танып, ұмыт болған деректерді жаңартамыз. Келесі жылы университет «Ұстаздың оралуы» атты тағы бір фильм шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, бұл деректі фильмдер сериясы болады», - деді өз сөзінде ректор.

«Керемет» СҚКО-ның кинозалында ҚР-дағы Түркия елшілігінің Бас консулы Рыза Каан Йылмаз мырза көрермен алдында сөз сөйлеп, университет ұжымы мен басшылығына шақырғаны үшін алғыс айтып, жоғары оқу орнына жаңа жетістіктер мен табыстар тіледі. «ҚазҰУ жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингісіне кіретінін мақтан тұтамын. әл-Фараби бүкіл адамзат үшін маңызды және сіздің университетіңіздің арқасында оны бүкіл әлем біледі. ҚазҰУ ректоры және профессор Бекір Қарлығаға Шығыстың ұлы ұстазының мұрасын насихаттайтын тамаша фильм үшін рахмет», - деді.

Деректі фильм ҚазҰУ-дың қатысуымен екінші ірі халықаралық жоба болып табылады. «әл-Фараби – екінші ұстаз» атты алғашқы фильм голланд киноқұжатшыларымен бірге әзірленіп, Еуропада және Қазақстанның ұлттық теледидары эфирінде көрсетілді. Қазіргі уақытта Әл-Фараби туралы үшінші киножобамен жұмыс жүргізілуде. Қазақстан, Түркия және Египетте түсірілім жүргізілді, таяу уақытта олар Иорданияда, Сирияда және түркі әлемінің ұлы ұлы өмір сүрген және жасаған басқа да елдерде өтеді.

ҚазҰУ жыл сайын әл-Фараби мұрасын кеңінен тарату және насихаттау мақсатында таяу және алыс шетелдердің белгілі сарапшылары мен ғалымдары арасында танымал әлемдік диалог алаңына айналған халықаралық Фараби форумын өткізіп келеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп ҚазҰУ «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Голландия, Түркия, Италия, Иордания, Қытай, Египет жетекші университеттерінде және басқа да елдерде ашылған әл-Фараби ғылыми-білім беру орталықтарының саны осы уақытта 10-ға жетті. Бұл орталықтарда қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениеті оқытылуда.

www.kaznu.kz