- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жан мен тәннің үйлесімі
24.06.2019Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да V Халықаралық йога күні кең көлемде аталып өтті.
Салтанатты мерекеге ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар, БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек, "Масимов сауықтыру орталығы" ЖШС Бас директоры – Иманмади Қалелхан және де Мәсімовтер әулетінен Айдын Сүлеймен шараның құрметті қонақтары болды. Сондай-ақ Қазақстандағы йога орталықтарының өкілдері, оқытушылар мен студенттер және де қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар аталмыш шарада қоғам қайраткері, Қазақстан йога қауымдастығының құрушысы және президенті болған Қажымқан Мәсімовтің де есімі ерекше аталып өтті.
2014 жылғы 11 желтоқсандағы қарарға сәйкес БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 маусымды Халықаралық йога күні деп жариялады. Жалпы Йога – тән мен ақылдың және рухтың өзара үйлесім табуына бағыттайтын жаттығулар мен практикалар жиыны. Бүгін де бұл салаға елімізде қызығушылық пен сұраныс артқан.
Салтанатты шара Үндістанның шам жағу дәстүрінен бастау алып, Қазақстанның үздік нұсқаушылары йоганың әр түрлі элементтерін, қимыл қозғалыстарын көрсетіп, «Чандра намаскар» – «Айға сәлемдесу» атты тәжірибелік сабақтар өткізумен сабақтасты. Және де 177-ден астам елде орындалып жатқан йога жалпы хаттамасына байланысты йоганың ерекше элементтері жиналған көпшілік пен бірге орындалды.
Сонымен қатар шара барысында сөз алған Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар жиналған барша қауымға өз алғысын білдірді. «Йога – ежелгі үнді дәстүрінің баға жетпес сыйы. Ұстамдылық пен үйлесімділік, табиғатпен біртұтаста болуға талпыну адамның тәнін ғана емес сонымен қатар жанын да емдейді. Қазақстанда йоганың күн санап дамуына байланысты, биыл Үндістан елшілігі Қазақстан қалаларында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда ҚазҰУ басшылығына аталмыш шараға белсенді үлес қосып жатқаны үшін ерекше алғыс айтқым келеді», – деді елші.
ҚазҰУ ректоры барша жиналған қауымды V Халықаралық йога күнімен құттықтады. «Адамзаттың тәні мен жанын үйлесімділікте ұстап тұруға бағыт-бағдар беретін шаралардың қоғамымызда күн санап дамуы, бүгінгі ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстаудағы белсенділігі мен тән мен жаны үйлесімділік тапқан тұлға болып қалыптасып келе жатқандығының белгісі. Осы орайда қоғам қайраткері, елімізге алғашқылардың бірі болып йоганы дәріптеуші дара да дана тұлға Қажымқан Мәсімовтың аталмыш саладағы ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Осыған байланысты ҚазҰУ-да алдағы уақытта Қажымқан Мәсімов атындағы йога залы ашылатынын айтқым келеді. Өйткені ер есімі мен ерен еңбегі әрдайымда ел есінде болып, келер ұрпаққа үлгі болуы тиіс», – деді Ғалым Мұтанов.