Жаңалықтар

Алматыда нейрореабилитациялық орталық құрылады

04.07.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен МакГилл университеті (Канада) медицина саласындағы ынтымақтастық және бірлескен нейрореабилитациялық орталықты құру туралы меморандумға қол қойды.

Орталық №1 Қалалық клиникалық аурухана базасында құрылатын болады. Аурухана инфаркт пен инсульттерден, балалардың церебральды салынан және нейрогенеративті аурулардан кейін ерте оңалтуға мамандандырылған аурухана Қазақстанның жетекші ЖОО-ның бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқаруына берілген болатын.

Оқу жылының басында ҚазҰУ-ға Канададан әлемге танымал профессорлар келіп, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы мамандары үшін практикалық семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізеді. Олардың ішінде: Майкл Шевелл - педиатрия факультетінің деканы және Монреаль балалар ауруханасының бас дәрігері; Аннет Мажнемер - деканның білім жөніндегі орынбасары, церебральды сал және медицинаны дамыту саласының жетекші сарапшысы; Ларри Си Лэндс – өкпенің генетикалық аурулары саласындағы белгілі ғалым және сарапшы, медицина факультетінің педиатриялық пульмонология бөлімінің меңгерушісі, муковисцидоз және өкпені трансплантациялау клиникасының директорлары бар.

Олар қазақстандық әріптестерін заманауи кешенді бағдарламалармен, ауруларды емдеу мен оңалтудың дәрі-дәрмектік және дәрі-дәрмектік емес әдістерімен таныстырып, озық тәжірибемен және адамның жүйке жүйесі ауруларын зерттеу нәтижелерімен бөліседі.

МакГилл университетінің мамандары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ нейрореабилитациялық орталығының қызметіне, нейродегенеративті ауруларды емдеу мен оңалтудың жаңа технологияларының трансфертіне үнемі кеңес береді. Орталықтың құрылуы бірлескен зерттеу және ғылыми-білім беру жұмыстарын жүргізуге, ҚазҰУ-дың медицина факультетінің студенттерінің тәжірибелік дайындығын жүргізуге де мүмкіндік береді. Болашақта орталық медициналық туризм драйверлерінің бірі және нейродегенеративті ауруларды емдеу мен оңалту жөніндегі Орталық Азия хабына айналуы тиіс.

Атап өту керек, ҚазҰУ-да «Каннам Северанс» клиникасымен (Корея Республикасы) бірлесе ашылған медициналық диагностикалық орталық табысты жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында оңтүстіккореялық дәрігерлер кезекті рет Алматыға келіп, университет қызметкерлері мен қала тұрғындарына тегін кеңес береді.

www.kaznu.kz