Жаңалықтар

ҚазҰУ – Цукуба: «Кампустағы Кампус»

10.07.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Цукуба университеті (Жапония) «Кампустағы Кампус» жобасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуде. Мұндай келісімге ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов жапондық ЖОО делегациясын бастап келген вице-президент Каролина Бентонмен кездесуі барысында айтылды.

ҚазҰУ ректоры Күншығыс елінің қонақтарын қарсы ала отырып, оларды университеттің жетістіктерімен, ғылыми-білім беру және инновациялық қызметімен таныстырып, олардың арнайы келген іс-сапары үшін алғыс білдірді. «Жапония Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Жыл сайын ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып, екі достас елдердің жоғары оқу орындары көптеген бағыттар бойынша өзара байланыс жасайды. Солардың бірі ғылыми-білім беру қызметіндегі серіктестікте кең мүмкіндіктер ашатын «Кампустағы кампус» жобасы болып табылады», - деді ҚазҰУ ректоры.

Кездесу барысында тараптар университеттер арасындағы коллаборация жоспарын талқылады. Ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру, қос диплом бағдарламасы бойынша мамандар даярлау, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.

Өз кезегінде жапон делегациясының басшысы және жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президент Каролина Бентон ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орны болып табылатынын атап өтті. «Бұл біздің үшінші сапарымыз. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге мүдделіміз. Бұл үшін барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар. Бізге ҚазҰУ кампусы өте ұнады. Біз факультеттерді аралап, оқытушы, ғалымдармен кездестік. «Кампустағы Кампус» жобасы біздің университеттердің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», - деді жапониялық қонақ.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты белсенді жалғастыруға ниетін білдіріп, Ғалым Мұтанов Цукуба университетінің әріптестеріне ағымдағы жылдың қыркүйек айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтетін QS Worldwide әлемдік форумына қатысуды ұсынды.

www.kaznu.kz