- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ыстықкөлдегі жазғы мектеп
18.07.2019Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Қырғызстанның Ыстықкөлінде ҚазҰУ-дың 85 жылдық мерейтойы мен «Túrkistan» газетінің 25 жылдығына арналған Халықаралық журналистика мен коммуникация жазғы мектебі өтті.
ҚР БҰҰ Жаһандық коммуникация департаменті қолдауымен өткен «Жаһандық коммуникация және ұлттық медиа: азаматтарға арналған тиімді қолжетімдік» атты жазғы мектеп күндері спикерлер азаматтарға арналған ақпараттық дағдылар мен азаматтардың медиа өкілеттілігі туралы Орталық Азия елдерінің тәжірибесін бөлісті.
«Орталық Азия журналистика хабын құруға кедергі жоқ», - дейді VIII жазғы журналистика және коммуникация мектебі спикерлері. Жаздық лагерьде Орталық Азия университеттері журналистика факультеттері бас қосты.
Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғыз елінің өкілдері өз елдеріндегі журналистиканың мәселелері мен тәжірибесі жайлы баяндады. «Түркітілдес елдердің ақпараттық кеңістігі бір, тәжірибесі әрқилы» - дейді Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбек ұлттық университеті журналистика факультетінің профессоры Якутхон Маматова.
«Túrkistan» халықаралық газетінің Бас редакторы Қуат Әуесбай баспасөздегі менеджмент жайлы дәріс оқып, қазақстандық БАҚ-тағы басқару жөнінен мысалдар келтіріп, тәжірибе бөлісті. Баспасөзде шынайы мәлімет берудің маңызы, азаматтардың объективті ақпаратқа қолжетімдігі және Ахмет Өмірзақтың пікір айту этикасы жайлы пікірлері көп талқыға түсті. Бейбіт Тоқтарбайдың азаматтық журналистиканың даму үрдістерін сараптауы, шетелдік БАҚ-тағы көрінісі мен ұлттық баспасөздегі кейстермен талдамасы көршілес елдер тәжірибесімен ұштасты. Динара Мыңжасарқызы әлеуметтік журналистиканың ықпалдылығына арналған дәрісінде деректерді пайдаланудағы өзінің шығамаршылық тәжірибесімен бөлісті.
Жаңа бизнес медианың жаңа толқыны – Жәния Әбдібек пен Айжан Карибаеваның дәрістері Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі ұлттық журналистика факультеттері ғалымдарының жоғары бағасын алды. Сондай-ақ, көршілес елдер ғадымдарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің озат түлектерінің жаңа медиа мен іскерлік журналистикадағы үздіксіз ізденістері қуантты. Іскерлік медианың топ-мамандарының академиялық ортадан алыстамай, ғылыми зерттеулермен айналысу және жаңа білім беру бағдарламаларын бірлесе дайындау, оның тәжірибелік базасын құру жайлы келісімдер жасалды.
Журналистика мектебі мен тәжірибесіне жаңа қадам басқан massaget.kz жастар порталында контент-менеджер Есқали Томиристің инфографика, дизайн және лонгрид дайындау тәжірибесін Өзбекстан делегациясы жоғары бағалады.
Өзбекстан және Қырғызстан университеттері журналистика факультеттері профессорлары жиылған журналистика және коммуникация жазғы мектебі Орталық Азия елдері журналистері мен ғалымдарының медиа алаңына айналды. Орталық Азия елдерінің университеттері журналистика факультеттерінің келесі басқосуы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкент қаласында өткізілетін болды.
www.kaznu.kz