Жаңалықтар

ҚазҰУ-да еншілес мемлекеттік жаңа кәсіпорындар ашылады

07.12.2010

Әр жұмыс күнін тың идеямен бастайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы бұл аптаның бірінші күнін тағы да біршама тыңғылықты бастамаларға арнады. Кеше университеттің оқытушы-профессорлары бас қосқан Ректорат мәжілісінде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың орталықтарын қайта ұйымдастыру және университеттің жаңа еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын құру жөнінде ақпарат жасады.

Бірінші проректордың айтуынша ҚазҰУ-ды ғылыми-зерттеу университетіне айналдыру үшін бірнеше еншілес кәсіпорындардың ашылғаны нұр үстіне нұр болмақ. Мұхамбетқали Мырзабайұлының хабарлауынша, бүгінде жаңа кәсіпорындар құру жобалары жасалып жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, бірінші проректор олардың арасында Мемлекет және құқық, Халықаралық қатынастар және Біліктілікті көтеру институттарының жұмыстары жүйеленіп, іске қосылуға дайын екендігін ескертті. Бұл орайда ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы аталмыш еншілес кәсіпорындардың құжаттары бір іздендірілуі керектігін алға тартты.

Бүгінде университетімізде Тәжірибелік және теориялық физика ҒЗИ, Жаңа химиялық технология және материалдар ҒЗИ, Физико-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығы, Математика және механика ҒЗИ, Биология және биотехгология мәселелері ҒЗИ, Экология мәселелері ҒЗИ, Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана, Жану проблемалары институты, Ғылыми-технологиялық парк, Абай институты, мемлекет және құқық институты, Қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі институт сияқты бірнеше еншілес мемлекеттік кәсіпорындар жұмыс істейді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі