Жаңалықтар

Басты мақсат – ҚазҰУ-ды ғылыми-зерттеу университетіне айналдыру

07.12.2010

6 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кезекті Ректорат мәжілісі өтті. Үздік университеттің оқытушы-профессорлар жиналған ғылыми отырыста Қазақстан-үнді ақпараттық технологиялар орталығының жұмысын жақсарту, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың орталықтарын қайта ұйымдастыру және университеттің жаңа еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын құру, сондай-ақ магистратурада жаңа мамандықтарды ашу сияқты тағы да басқа бірнеше айтулы мәселелер назарға алынды.

Жоғарыда аталған мәселелер классикалық университеттің рейтінгісін одан әрі арттыру ғана емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай,әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін республикамыздағы ірі ғылыми-зерттеу университеті ету жолындағы қадамдар. Осы бағытта алдағы күндеріқара шаңырақтағы ғылыми орталықтарды қайта құру және жаңа еншілес мемлекеттік кәсіпорындарды дүниеге әкелу жөнінде шаралар жасалмақ.

Сонымен қатар, ректорат мәжілісінде университет қызметкерлерінің шетелдік іс-сапарлары туралы есептері тыңдалды. Бұл кезекте 22 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Жапония университеттерінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан деллегацияның атынан сөз алған Оқу жұмысы жөніндегі департамент директоры Гүлнар Балақаева күн шығыс елінен алған әсерімен бөлісті. Сонымен бірге Жапония еліне барып қайтқан экономика және бизнес факультетінің деканы Баян Ермекбаева, журналистика факультетінің деканы Ғалия Ыбраева, философия және саясаттану факультетінің деканы Ақтолқын Құлсариева, шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Алдабек жапондық жоғары оқу орындарының іс-тәжірибесімен бөлісті. Белгілі болғандай факультет басшылары іс-сапар барысында жапондық университеттермен арнайы меморандумға қол қойып, нәтижесінде ҚазҰУ студенттерінің Жапониядағы білім беру ордаларында тәжірибеден өтуіне және студенттерді алмасып оқытуға мұрындық болып қайтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі