Жаңалықтар

Жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық

24.08.2019

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қытай серіктестерімен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуде. ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған делегацияның Пекин қаласына жұмыс сапары барысында белгілі жоғары технологиялық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өтті.

Айта кетерлік жайт, Қытайдың халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі мемлекеттік агенттік өкілдері ҚазҰУ-ға жуырда келгенде ЖОО-ның ІТ-инфрақұрылымы мен кадрлар даярлау деңгейіне, сондай-ақ университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетіне жоғары баға берді. Суперкомпьютер мен IT-технопаркін орналастыруға арналған нысандардың дайындық барысымен танысқаннан кейін, олар жобаның сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға іс-сапары қарсаңында ҚазҰУ делегациясы Бейжіңде ҚХР үкімет гранты бойынша ұсынылатын суперкомпьютерді жеткізу жобасы бойынша бас қосты. ҚХР коммерция министрлігінің өкілдерімен және басқа да серіктестермен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ қазақстандық ЖОО базасында жаңа Жібек жолы университеттерінің халықаралық Альянсының IT-технопаркін құру жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Пекиндегі кездесулер барысында өнімділігі жоғары серверлер мен деректерді сақтау жүйелерін бірлесіп әзірлеп шығару жобасын жүзеге асыру, сонымен қатар суперкомпьютерлік есептеулер мен Big data саласындағы зерттеулер жүргізу мәселелері қарастырылды. Осындай жобалардың табысты жүзеге асырылуы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындауға ықпал етіп, елдің экономикасын жаңғырту және ғылымды қажетсінетін технологиялар саласын дамыту драйверлерінің бірі болады.

Сондай-ақ, ҚазҰУ делегациясы ҚХР Ғылым Академиясының Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) институтының өкілдерімен кездесті. ҚазҰУ-да ашылған Қазақстан-Қытай ЖҚЗ бірлескен орталығын одан әрі дамыту жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жаңа оқу жылынан бастап магистранттар мен докторанттар ҚХР Ғылым Академиясының аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтетін болады.

ЖҚЗ орталығы университеттің сандық мақсатты жобасы болып табылады, оның жұмысы қолданбалы, технологиялық, ғылыми және білім беру міндеттерінің кең спектрін шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың жас ғалымдары мен студенттері ҚХР Ғылым Академиясының аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтында білім алып, тағылымдамадан өтуде. Алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды трансферттеу мен пайдалану жергілікті жердің ғарыштық түсірілімдерін, геологияда және картаға түсіру кезінде зерттеулер жүргізу, табиғи және техногендік сипаттағы жағдайларды болдырмау, қоршаған орта мониторингі және тағы басқа жұмыстарды атқаруға үлкен мүмкіндіктер ашуда. 

www.kaznu.kz