Жаңалықтар

ДЕЛИ ҚАЛАСЫНДА ӘЛ-ФАРАБИ ҮЙІ АШЫЛДЫ

26.08.2019

Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі ойларын іске асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дели қаласында әл-Фараби үйін ашты. ҚазҰУ бұл жобаны Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Орталықтың ашылу салтанатына жастар ісі және спорт министрі Кирен Риджижу, Үндістан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Болат Сәрсенбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов, сондай-ақ үкімет, іскери топ және Үндістандағы дипломатиялық миссиялар, университеттер мен бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам өкілдері қатысты.

Әл-Фараби үйінің ашылуы ЮНЕСКО қарамағында 2020 жылы өткізілетін әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту іс-шарасы аясында өткізілуде. Аталмыш үй Дели қаласының дипломатиялық орталығында орналасқан, ол Қазақстан мен Үндістан арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосатын алаң болмақ.

Жастар ісі және спорт министрі Кирен Риджижу екі ел арасындағы жан-жақты табысты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын назарға ала отырып, ҚазҰУ-дың Үндістанмен мәдени-гуманитарлық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен бірге ол әл-Фараби үйінің ашылуы өзара тиімді серіктестікті нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға ықпал ететініне сенім білдірді. 

«Үндістанда әл-Фараби үйінің ашылуы - біздің достас елдерімізді біріктіретін маңызды іс-шара. Қазіргі әлемдік дағдарыс, мәдени және рухани құндылықтардың жұтаңданған жағдайында, өркениет философының шығармашылық мұрасы мен ғылыми ойлары адамзаттың одан әрі дамуы үшін аса маңызды», - деп атап өтті өз сөзінде әл- Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Келушілерге орталықта адамзат танымының көптеген салаларына сүбелі үлес қосқан ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі және шығармашылығымен танысу мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар, барша қауым орталықта қазақ мәдениеті, дәстүрі мен қазіргі Қазақстанның жетістіктерімен таныса алады.

Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де үш тілде жарық көрген Махатма Ганди туралы «Гандидің ой-пікірлері мен нақыл сөздері» кітабының тұсаукесері өтті.

ҚазҰУ әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын зерттеп насихаттауда белсенді жұмыс атқарып келеді. Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Египет, Болгария және басқа да елдердің жетекші университеттерінде 12 әл-Фараби ғылым және білім беру орталықтары ашылып, табысты жұмыс жасауда. Аталмыш орталықтарда қазақ тілін оқытумен қатар қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі насихатталуда.

Қазақстанның жетекші университетінің Үндістандағы серіктестерімен ынтымақтастығы мәдени-гуманитарлық бағытта ғана емес, сонымен қатар жоғары технологиялар саласында да қарқынды дамуда. Айта кетерлік жайт, ҚазҰУ-дың жас ғалымдары құрастырған алғашқы отандық «әл-Фараби-1» нано-спутнигі Үндістандағы Сатиш-Дхаван ғарыш орталығынан ұшырылған.

         Іс-сапар аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов Үндістан үкіметінің киберқауіпсіздік бойынша ұлттық үйлестірушісі, генерал-лейтенант Ражеш Пант және Дели университетінің ректоры доктор Югеш Тияджимен кездесті. Келіссөздер барысында орталық құру және киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды бірлесіп даярлау, өзара қызығушылық тудыратын салалар бойынша ғылыми-инновациялық және білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

www.kaznu.kz

https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/17613/