Жаңалықтар

Әл-Фараби үйі Амманда ашылады (Иордан)

06.09.2019

Амманда (Иордан) Әл-Фараби үйі ашылады. Бұндай келісімге ҚазҰУ-дың интернационализациялау және коммерциялау жөніндегі проректоры Мехмет Арслан мен Иордания мемлекеттің университетінің президенті Абдель-Карим әл-Кудахпен кездесуі барысында қол жеткізілді.

Әл-Фараби үйі Қазақстанның ғылыми-білім беру және мәдени орталығы ретінде жұмыс істейтін болады. Екі жақтың кездесу барысында айтылғанындай, бұл бастама университеттердің жақындасуына ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Иорданияның ынтымақтастығын нығайтуға нақты үлес қосатын болады. Бұл жоба ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарланды.

Сапар барысында сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы өзара тиімді екі жақты ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, қос дипломды бағдарламалар мен бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

ҚазҰУ Шығыстың ұлы ойшылының шығармашылық мұрасын зерттеу және көпшілікке тарату бойынша белсенді жұмыс атқаратынын атап өткен жөн. Бүгінде Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа елдердің жетекші университеттерінде әл-Фарабидің 12 ғылыми-білім беру орталығы табысты жұмыс жасауда. Биыл Түркия мен Үндістанда Әл-Фараби үйлері ашылды.

Иордан мемлекеттік университеті «Top 100 Arab Universities» рейтингісінде алдыңғы орынға ие араб әлеміндегі ең көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Онда 45 мыңға жуық студент оқиды, оның 25 пайызын шетелдік студенттер құрайды, оның ішінде 21-і Қазақстаннан.

www.kaznu.kz