Жаңалықтар

Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі

11.09.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетінің студенттері мен оқытушылары Өскеменде өткен "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" форумына қатысты.

Ауқымды конференцияға әлемнің 20-дан астам елінен археологтар, түркітанушы ғалымдар жиналды. Форум аясында іс-шараға қатысушылар ежелгі ескерткіштер мен заманауи археологиялық зерттеулер туралы қызықты баяндамалар жасады. Мұнда сақ әйелінің (б.з. д. IV–III ғ.) бейнесін бейнелейтін "Үржар жыры", профессор Әбдеш Төлеубаевтың тапқан Шілікті алтын адамы, Тарбағатай ауданындағы Елек Сазы үстіртінде профессор Зейнолла Самашев тапқан Алтын адам, сондай-ақ ежелгі зергерлік өнер мен металлургияның жауһарлары: тиын, жебелердің ұштары және т. б. ұсынылған олжалардың бірегей экспозициясы ашылды.

Тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев "Ежелгі және ортағасырлық Шілікті аңғары мен Тарбағатай бөктеріндегі ескерткіштер" жобасын жүзеге асыру қорытындысы тақырыбында баяндама жасады.

Форум соңында ҚазҰУ делегациясы "Ақ бауыр" бірегей тарихи-археологиялық табиғат ескерткішіне барды. "Ақ бауыр" ежелгі заманда күн мен жұлдыздардың орналасу орнын, күн мен түннің теңесу нүктелерін анықтау үшін бақылау жүргізілген орын болған деген болжам бар.

www.kaznu.kz