Жаңалықтар

Ядролық қарусыз әлем

23.09.2019

ҚазҰУ жастары Нұр-Сұлтан қаласында «Атом апатының қауіп-қатерін жеңуге арналған ядролық қаруға қарсы қозғалыстың жетістіктері мен мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып қайтты.

Жиынға қатысушылар отыз жылдық кезеңдегі Қазақстандағы және әлемдегі антиядролық қозғалыстың қызметіне талдау жасап, дамудың негізгі кезеңдерін анықтап, болашаққа жоспарлар жасады. Сондай-ақ олар Қазақстанның алғашқы қоғамдық ұйымы – дүниежүзіндегі ең беделді және бітімгершілік қозғалыс «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының бейбітшілік үшін күрестегі маңызды рөлін атап өтті.

Адамзат алдындағы қызметі үшін ЮНЕСКО-ның шешімімен қозғалыс «Әлем естелігі» дүниежүзілік тізіміне енгізілген. Қозғалыс мұндай жетістікке әлемде алғаш рет халықтық және парламенттік дипломатияның өзара әрекеттесуі – жалпы қарусыздану жолындағы алғашқы нақты қадамды, планетадағы ең үлкен полигондарда ядролық сынақтарды тоқтату – жаңа үлгісі арқылы қол жеткізді.

Қозғалыс ядролық қарусыз әлем құруға және жалпы қарусыздандыру мәселелері бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын орнатуға, ядролық қарусыз елдердің парламенттері арқылы өз қызметіне жаңа серпін беруге дайын. Ядролық қауіптің алдын алу бүкіл адамзат үшін «күн тәртібіндегі» мәселе болып қала береді. Өйткені бірқатар елдер әлі де ядролық қаруға ие болуға талпынуда. Қозғалыс өзінің қызметі арқылы ядролық, бактериологиялық, химиялық және басқа да қаруды жоюға және толықтай бас тартуға, жаппай қырып-жою қаруын жасау мен жетілдіру бойынша одан әрі жұмыстың жол берілмейтіндігі туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етуді жалғастырады.

Шарада ҚазҰУ-дың «Невада-Семей» жастар ұйымының жетекшісі Танабекова Гүлжанат Бақытқызы «Невада-Семей» жастар ұйымының қызметі жөнінде баяндама жасады. Университетте ядролық қаруды сынаудың салдары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

«Антиядролық қозғалыс өзінің жаңа тарихи кезеңінде Қазақстан жастарын ғана емес бүкіл дүниежүзінің жастарын зорлық-зомбылық пен қауіп-қатерден азат әлем үшін күреске тартудың басты міндеті деп санайды. Бұл ядролық қарусыз әлем үшін ғаламдық қозғалысқа жаңа күш береді» - дейді ҚазҰУ-дың «Невада-Семей» жастар ұйымының жетекшісі.

www.kaznu.kz