Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тәжік тілі мен мәдениеті орталығының ресми ашылуы өткізілді. Оның тұсау кесерін ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің ирантану орталығы мен Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулдығы ұйымдастырды.
Орталықтың ресми ашылу рәсіміне Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулы Баходур Назир, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов, Біріккен Ұлттар Ұйымы ақпарат департаментінің басшысы Властемил Самек, Ресей Федерациясының Қазақстандағы бас консулы Евгений Бобров, Өзбекстан Республикасының Қазақтандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, оқытушылар, студенттер және қонақтар қатысты.
Тәжік тілі мен мәдениеті орталығы Алматы қаласындағы Тәжікстан Республикасының Бас консулдығы тарапынан қамтамасыз етілді. Олар Орталыққа тәжік әдебиетінің кітаптары, орта ғасырлардағы парсы-тәжік әдебиеті классик-ақындарының портреттерін сыйға тартты.
Іс-шарада шығыстану факультеті ирантану бөлімінің студенттері парсы-тәжік классик-ақындары Рудаки, Фердоуси, Моулави, Омар Хайям, Саади, Хафез өлеңдерін оқыды және кеш соңы студенттердің шағын концертіне ұласты.
Қазақстан-Тәжік байланыстарының тамыры тереңнен басталады. Екі ел арасындағы бейбітшілік пен достық қарым қатынастары жақсы дамыған. Мұның арқасында қазақ және тәжік халықтары ертеден-ақ бір-бірінің рухани мұрасы мен мәдениетіне қызығушылық танытып отырған. Тәжік орталығының ашылуы ирантанудың құрамдас бөлігі ретінде қазақстандық тәжіктанудың дамуына әсерін тигізеді. Тәжіктер Шығыстың ежелгі халықтарының бірі болып табылады және олардың тамаша тілін, бай тарихы мен өзіндік мәдениетін оқып-зерттеу қазақстандық шығыстану саласына айтарлықтай үлес қосады.
www.kaznu.kz