Жаңалықтар

Қажырлы қаламгер

04.11.2019

ҚазҰУ журналистика факультетінде қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-журналист, журналистер академиясының президентi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевтың 75 жас торқалы тойына орай «Бұқаралық коммуникацияның отандық жүйесі: үндеулер, үрдістер, мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мерейтойлық жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев – Қазақстан ғылыми журналистикасының негізін қалаушылардың бірі, белгілі қаламгер, ғалым және еліміздің журналистика саласындағы бірнеше ұрпақтың, мыңдаған БАҚ қызметкерлерінің ұлағатты ұстазы. Журналистика факультетінің құрылғанына биыл 85 жыл болса, Сағымбай Қозыбаев соның қабырғасында табаны күректей 45 жылын өткізіпті. Осы жылдардың ішінде 7 ғылым док­торына, 26 кандидатқа ғылыми жетекшісі болды, 54 кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер одағының 6 мәрте лауреаты атанды. Қазақстанның саяси ғылымдар академиясының академигі, Еура­зия Халықаралық эконо­ми­калық академиясының академигі, Қа­зақ­стан Журналистер акаде­мия­сының президенті деген атақтары бар. Оның жазған эсселеріне, 200 беттік библиографиялық сілтемелеріне қарап отырып ғалымның үнемі ізденісте жүргенін көреміз.

Сағымбай Қозыбаевтың 1974 жылдан бергі өмірі осы факультетпен біте қайнап, бірге өтіп жатыр. Бір за­манда Сәкен Сейфуллин, Сә­бит Мұқанов, Санжар Аспан­дия­ров сияқты қазақ әдебиетінің классиктері дәріс оқыған кафедраға кейіннен олардың өкшелерін басқан Қайыржан Бекхожин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілпейіз Ыдырысов, Абдул-Хамид Мархабаев, Марат Барманқұлов, Намазалы Омашев секілді профессорлар шығып сабақ берді. Сағымбай Қозыбаевтың ортасы осындай. Еліміздегі барлық танымал журналистер, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер осы кісілердің алдынан өтіп, білім алды. Сондықтан, бұл факультеттің тарихын тереңде жатқан дәстүрлі журналистика мектебі деуге болады. Бүгінде факультеттегі жасы үлкен ақылшысы, бүкіл журналистиканың тарихын жатқа білетін шежіреші профессор Сағымбай Қозыбаевты «қара шаңырақтың берік бақаны» деп айтсақ артық емес.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді, бұл жағынан қарағанда Сәкеңнің арманы жоқ. Еліміздің журналистика факультеттері мен бөлім­шелерінде «Шығармашылық шебер­ханасы» атты арнаулы курс ашылған, Сағымбай Қозыбаев шығармашылығы ол жерде де арнайы оқытылып, зерделенеді. Осылайша, Сағыбай Қабашұлы журна­листика факультетінде үзбей еңбек еткен қырық бес жылдың ішінде өзінің үлкен ғылыми мек­тебін қалыптастырды.

Сағымбай Қозы­баев еңбегіне қарай көптеген марапаттар мен ғылыми атақтарға ие болған – Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, алты мәрте Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық Журналистер Федерациясының құрмет дипломының иегері, сондай-ақ ҚР саяси ғылымдар Академиясының академигі (1997) және оны ұйымдастырушылардың бірі болып табылады.

Білікті ұстаз, журналистиканың тарихын зерттеген ғалым, қамқоршы аға, қарымды қаламгер ретінде Сағымбай Қабашұлы туралы көптеген шәкірттері, қаламгер әріптестері БАҚ жариялады, естелік кітаптарына  жазды, әлі талай жазылады да. Оның оқулықтары кейінгі шәкірттерге жол сілтейтін шамшырақ болып тарихта қалады. Бүгінде 75 жасқа келіп жатқан торқалы тойдың иесі, білім беру саласында елеулі істер атқарған журналистика жампозы, отандық БАҚ қызметкерлерінің ұлағатты ұстазы, бағдаршамы профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаевқа зор шығармашылық шабыт тілейміз! Абырой-беделіңіз арта берсін, дейміз.

www.kaznu.kz