Жаңалықтар

ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ақсақалдар кеңесі құрылды

30.12.2010

«Келісіп пішкен тон келте болмайды». Бұл қағида ҚазҰУ-да ардагерлер кеңесінің құрылуына мұрындық болды. 29 желтоқсан күні Ректор Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен университет тарихында алғаш рет ақсақалдар алқасы өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жазушы, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбілфайыз Ыдырысов, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішов, этнограф, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Уахит Шалекенов, қазақтың көрнекті заңгері, қоғам қайраткері, академик Салық Зиманов, белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сұлтан Сартаев, химия ғылымдарының докторы, профессор Хабибулла Оспанов бастаған қара шаңырақтың бірнеше ардагері қатысты.

Мұнда тәжірибелі ғалымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ұлттық зерттеу университетіне айналдыру жолында атқарылып жатқан іс-жоспарлармен танысып, бұл тұста өз тәжірибелі кеңестерімен бөлісті. Білім ордасы басшысының айтуынша, зерттеу университеті жаңа өнім шығаруға түрткі болумен қатар, ҚазҰУ-ды әлемдік дамыған жоғары оқу орындары рейтингісінің алдыңғы қатарына қоспақ. Жаңа бастамада ортаға ой тастаған ақсақалдар білім ордасын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл, мәдениет, әдебиет мәселелері де назардан тыс қалмау керектігін баса айтты. Осы орайда соғыс ардагері, ғалым Уахит Шалекенов: «Ғылымның өзі табиғи және гуманитарлы болып бөлінетіндігін ескерсек, біз көп ретте табиғи салаға баса көңіл бөлеміз-дағы гуманитарлы ғылым ақсап қалады. Егер мамандарымыз өзінің ұлты үшін, мемлекетімізді дамыған елу елдің қатарына қосуға ұмтылсын десек осы гуманитарлы ғылымды да дереу қолға алуымыз керек», - деген маңызды пікір айтса, замандасына үн қосқан Тұрсынбек Кәкішев: «Өз ана тілін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін білмейтін кадр ел адамы болуы мүмкін емес. Ұлттық зерттеу университетіне айналу барысында мылқау мамандар дайындаудан қашуымыз керек», - деген мәселені төтесінен қойды. Тәжірибелі ғалымдар тарапынан қойылған аталмыш өзекті мәселелер университет басшысы тарапынан бірден өз шешімін тапты. Әдебиет қоғамның үлкен мәселесі екендігін ескерген академик Ғалымқайыр Мұтанұлы ҚазҰУ-да гуманитарлы сұрақтар бойынша кеңес құрылатынын жеткізіп, алдағы уақытта бұл саланы дамыту үшін білім ордасында Абай ілімі оқытылатындығын айтты. Мұндай тәжірибені өз кезегінде республикамыздың солтүстік және шығыс өңірлерінде басшылық жасаған тұста білім үдерісіне енгізгендігін айтқан ректор Абай ілімін оқыту үшін ҚазҰУ-дыңАбай институтындаарнайы штат бөлінетіндігін ақсақалдар алқасына баяндап берді. Жоғары оқу орнын Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында факультеттерде оқытылатын пәндердің маңыздылығы да ескерусіз қалмау керек дейді ақсақалдар. Осы кезекте қазақ журналистикасының ұлағатты ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов «Журналистика факультетінде тарих, әдебиет сияқты пәндер бойынша оқытылатын дәрістерді көбейту керек» екендігін айтты. Сонымен қатар, қарт ұстаз сессия кезінде емтихан алу әдістеріне де өзгерістер енгізу қажет екендігін жеткізді.

Қадау-қадау пікірлерін кесектете ортаға тастағанбірнеше ұрпақ бойына ізгілік нұрын құйып, маманның адам болып қалыптасуына зиялы еңбек сіңірген ақсақалдар алқасы ҚазҰУ-дызерттеу университетіне айналдыру үшін жасалынған жоспарларға осындай ой қоса отырып, жаңа бастамаға барынша қолдау көрсететіндіктерін жасырмады.

Жас ұрпақ пенаға буынның арасындағы сабақтастық осылайша ғылымды жалғау көпіріне айналып, жаңа бастама іргелі ғалымдардан қолдау тапты. Кейінгі толқын мен зиялы қауымның бұлайша ой бөлісіп, үндесуі Елбасы айтқан интеллектуалды ұлт қалыптастыруда үлкен үлес екендігі даусыз. Сондай-ақ, тәжірибелі профессорлар авторлық құқық, кітап шығару, кітап тарату, монографиялық еңбектерге үстемеақы төлеусекілді кейбірқордаланған мәселелердің шешімін айтып, ғылымды дамыту жолындағы түйінді тамырларға қан жүгіртуге тырысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі