Жаңалықтар

Жасыл ел – ҚазҰУ үздік ЖОО

05.11.2019

«Жасыл ел» республикалық студенттік жасақтарының XV мерейтойлық еңбек маусымының жабылу салтанатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Үздік оқу орны» аталымы бойынша жеңімпаз деп жарияланды.

Салтанатты марапаттау Павлодар қаласында ҚР Парламенті Сенатының Спикері Дариға Назарбаеваның және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өтті.

Айта кету керек, 2005 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары қайта жанданған болатын. Мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру, патриотизмге еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, жас ұрпақ үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашу.

Жазғы еңбек маусымында ҚазҰУ-да 167 студент жұмыс істеді, олар тазалау, абаттандыру жұмыстарымен айналысты, сондай-ақ ҚазҰУ кампусы және Алматы аумағын көгалдандырды. Оларды арнайы киіммен, ыстық тамақпен және жатақханада тегін тұру орнымен қамтамасыз етті. Тамыз айында «Жасыл ел» студент жасақтарының ең үздік 20 жауынгері «Ыстықкөл» көліндегі (Қырғызстан) ҚазҰУ спорттық-сауықтыру орталығына жолдама алды.

www.kaznu.kz