28 желтоқсан күні ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы өзінің жұмыс барысындағы жоспары бойынша география факультетімен танысып, осымен университеттегі факультеттермен танысуын қорытындылады.
Ректор география факультетінде Роза Бексейітованың «Платформалық жазықтардағы экологиялық-геоморфологиялық жүйелердің морфолитогенді негізі» (Орталық Қазақстан территориясы мысалында) докторлық диссертациясының қорғауына да қатысты. Кейін факультет тынысымен Виталий Сальников факультет деканы таныстырды. Ең бірінші факультет тарихынан бастап, оқу процесі, оқытылатын мамандықтар, бакалавриат пен магистратура, оқытушыларды шетелге іс-тәжірибе алмасуға жіберу және бүгінгі шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасымен аяқтады. «Сіздермен танысуды келер жылдың еншісіне қалдырмай, осы жылда іске асыруды жөн деп санадым», - деді ректор келген қауымға.
Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті. Жиналған оқытушы-профессорлар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Ғалымқайыр Мұтанұлы өз сөзінде студенттерден келіп түскен хаттарда көбіне білім әділ бағаланса, тамақтану мен жатақхана, әскери кафедра мәселелері басым екенін атап өтті.
Оксфорд университетін мысалға ала отырып, ректор ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне айналдыру алға қойылған мақсат екенін айтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі